Молдовада президент сайлауының екінші туры өтіп жатыр

Молдова, сайлаудың екінші туры. 15 қараша, 2020 жыл

Молдовада 15 қарашада президент сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр.

Бірінші турда көп дауыс алған екі кандидат мемлекет басшысы қызметіне таласып жатыр. Олдарың бірі - "Әрекет және ынтымақ" (PAS) партиясының өкілі, бұрынғы премьер Майя Санду мен тәуелсіз кандидат, қазіргі президент Игорь Додон, оны социалистер партиясы қолдайды. Бірінші турда Санду 36,16 пайыз, яғни 487 635 дауыс, Додон 32,61 пайыз – 439 866 дауыс жинаған.

3,5 миллиондай тұрғыны бар Молдова Еуропадағы ең кедей мемлекеттердің бірі саналады. Мұнда халық Ресеймен байланысты күшейтуді жақтайтындар мен Еуроодақпен ынтымақтасуды қалайтындар болып екіге жарылған.

Сауалнама нәтижелері бойынша, кандидаттарды қолдайтындар саны шамалас. Екі үміткер арасындағы айырма 3-4 пайыз ғана болуы мүмкін. Бірақ сауалнамада шетелдерден дауыс беретіндердің көзқарасы ескерілмеген. Бірінші турда Майя Сандуды қолдағандардың 20 пайызы шетелден дауыс бергендер болған. Соның арқасында ол бірінші турда басқа кандидаттардан көп дауыс алып, алдыңғы орынға шыққан.

Молдовадан бөлініп кеткенін жариялап, де-факто дербес өмір сүріп жатқан Приднестровье аймағы бірінші тур кезіндегідей бұл жолы да коронавирус пандемиясына байланысты жүріс-тұрысқа қойылған шектеуді алып тастады. Дауыс бергісі келгендер Днестр өзенінің арғы бетіне барып, сайлауға қатыса алады, бұдан соң олардан оқшаулану талап етілмейді. Ол үшін "сайлауға қатысты" деген төлжқұжатындағы белгіні көрсетсе болғаны.

Молдова заңдары бойынша, сайлау өтті деп танылуы үшін бірінші турда сайлаушылардың кемінде үштен бірі дауыс беруі керек. Ал екінші турда дауыс бергендер санына қатысты ешқандай талап жоқ.

Орталық сайлау комиссиясы бірінші турдағыдай бұл жолы да сайлаушыларды учаскелерге топ-тобымен тасуға жол бермеу үшін жолаушы көлігінің қозғалысына шектеу қойғызды. Елдің көлік агенттігінің қызметкерлері 8-ден көп орны бар көліктерге тыйым салып, жолдағы қозғалысты қатаң бақылауға алады. Бұл күні тек рейстегі автобустар мен микроавтобустардың жүруіне рұқсат беріледі.

Пандемияға байланысты сайлауда қатаң қауіпсіздік ережелері енгізілген. Учаскеге келген әр сайлаушыға маска беріледі, бірақ әрқайсысы өз қаламымен келуі керек. Ғимаратқа кірер алдында әр сайлаушының дене қызуы өлшенеді.

Сайлаудың алдын ала нәтижесі жергілікті уақытпен түнгі 12-лерде, ал соңғы қорытынды дүйсенбі күні таңертең шығады деп жоспарланған.