Amnesty "ар-ұждан тұтқыны" деп атаған Өтепованы сот психдиспансерге жіберді

Үйқамақта отырған журналист, блогер Айгүл Өтепова. Видеодан алынған скриншот. Қараша айы, 2020 жыл.

19 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының апелляциялық соты тәуелсіз журналист, блогер Айгүл Өтепованы психикалық диспансерге жіберу туралы шешімді негізсіз деп тануды сұраған адвокат арызын қанағаттандырмады. Енді сот шешіміне шағым түсіруге болмайды.

Тергеушінің өтінішіне сай, журналисті 11 желтоқсанға дейін сот медициналық-психологиялық сараптама жасау үшін психдиспансерге алып кететін болды.

Апелляциялық сот отырысы жабық жағдайда өтті. Айгүл Өтепованың қызы Тоғжан Түзелдің мәлімдеуінше, істі жүргізіп отырған тергеуші Қадыр Қалжанов журналисті үйқамақ мерзімін ұзарту туралы сот қаулысымен таныстыратынын айтқан.

Айгүл Өтепованың үстінен қылмыстық іс 17 қыркүйекте қозғалған. Ол Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы бойынша "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп күдікке ілінген. Журналистке бұл айып "Facebook желісінде билікті сынаған жазбалары үшін" тағылып отыр. Оның үйқамақта отырғанына 2 айдан асқан.

Өткен аптада тергеу соты Айгүл Өтепованың "психикалық саулығына көз жеткізу үшін" психикалық саулық орталығында тексеруден өткізу туралы тергеушінің арызын қанағаттандырған еді.

16 қарашада Нұр-Сұлтан соты тергеушіге тергеу амалдарын жүргізу үшін тағы уақыт керегін алға тартып, үйқамақ мерзімін бір айға созған.

Айгүл Өтепова Facebook желісінде соңғы жазбаларының бірінде биліктің індетпен күрес шараларын сынап, карантинде отырған жарты жыл ішіндегі "өзгерістер" туралы айтқан еді.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Айгүл Өтепова ісіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Халықаралық Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы 18 қарашада жариялаған мәлімдемесінде Айгүл Өтепованы "ар-ұждан тұтқыны"деп атады. Ұйым Өтепованың "пікірін бейбіт түрде ашық айтқаны үшін қуғындалып отырғанын" сынап, оны босатуға шақырған.

Қазақстандық кей құқық қорғаушылар Өтепованың үстінен қозғалған істі биліктің сот шешімімен тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы жақтастарын қудалау ісімен байланыстырады. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

50 жастағы Айгүл Өтепова newtimes.kz басылымында журналист болып еңбек еткен. 2015 жылы Қазақстан президенттігіне өзін үміткер ретінде ұсынып, кейін бас тартқан еді.

Жеке YouTube арнасы бар Айгүл Өтепованы жұрт "эпатаж журналист" ретінде біледі.