Түркістан облысында сот белсенді Байдәулетовті ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдады деп жазалады

Белсенді Мұрат Байдәулетов.

20 қараша күні Түркістан облысы Төле би аудандық соты 54 жастағы азаматтық белсенді Мұрат Байдәулетовті "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деп танып, бас бостандығын бір жылға шектеді. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Аудандық соттың төрағасы Жәнібек Сейітжапбаров Байдәулетовті Қылмыстық кодекстің 405-бабымен ("Экстремистік ұйым деп танылған ұйым жұмысына араласу") жазалады. Үкімге сай, белсенді тұрақты жұмыс тапқанша күніне 4 сағаттан жылына 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылуы тиіс.

Судья Сейітжапбаровтың сөзінше, тамыз айында Байдәулетов Facebook парақшасында Нұр-Сұлтан қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясының" бағдарламаларын қолдап, тікелей эфирге шыққан. Судья белсенді Сейіржапбаровке үкім шығарарда биліктің жүргізіп отырған саясатына қарсы шыққанын, халықты бірігуге шақырғанын да ескерген.

Үкімді шығару кезінде Байләулетовтің кәмелет жасқа толмаған балалары бары, үшінші топ мүгедектігі де ескеріліп, жазасы жеңілдетілген.

Мұрат Байдәулетов сот үкімімен келіспейтінін, тағылған айыпты мойындамайтынын, апелляциялық шағым түсіретінін айтады.

- Мен бар болғаны бейбіт түрде билікті ауыстыру керек дедім. Бұл қылмыс па? Қазақстанда заң жоқ, Конституция жоқ, - деді ол.

Бұл іс бойынша сот тергеуі 10 қараша күні басталған.

Қыркүйек айында Мұрат Байдаулетов "Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен күдікке ілінген. Белсендіні үйқамаққа алу туралы сот қаулысында оның 2019 жылдың 6 маусымынан 2020 жылдың 17 тамызына дейін Түркістан облысы мен Ақмола облысы аумағында қасақана "Қазақстанның демократиялық таңдауы" саяси-қоғамдық қозғалысы мен "Көше партиясының" жұмысына сотпен тыйым салынғанын біле тұра араласты" деген күдікке ілінгені жазылған. Алайда бұл қаулыда 405-бап ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") туралы айтылмаған.

Мұрат Байдәулетов бұған дейін Шымкентте өткен бірнеше наразылыққа қатысып, әкімшілік жауапқа тартылған.

  • 2018 жылы Нұр-Сұлтандағы сот шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдау" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент 2019 жылы қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • 2020 жылы мамырда Нұр-Сұлтан соты тіркелмеген "Көше партиясын" ҚДТ қозғалысымен бір ұйым деп, оның да қызметіне тыйым салған. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімін жарияламаған. Әблязов сот шешімінің астары бар деп санайды.
  • ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын құқық қорғаушылар жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды деп біледі.
  • Қазақстан билігі Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын жақтайтындарды жиі қудалап, жауапқа тартады.