Еуропада аурудың алдын-алу және бақылау орталығы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азияда соңғы уақытта көптеген адамдардан ВИЧ-тің кеш анықталып жатқанын алға тартып, ВИЧ-тестілерін көбейтуге шақырды. Ақыр соңында СПИД ауруына шалдықтыратын вирусты кеш анықтау оның тарауын жылдамдатып, инфекция жұқтырған адамдардың емделуіне кедергі жасайды.
Еуропада аурудың алдын-алу және бақылау орталығы мен ДДСҰ-ның 26 қарашада жариялаған есебіндегі мәлімет бойынша, 2019 жылы аталған аймақта (53 мемлекет) 136 мың адамға ВИЧ жұққан. 80 пайызы Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азияның бірқатар елдерінде анықталған. Мамандар науқастардың жартысы вирус әбден дамып, адамның иммундық жүйесі оған төтеп беру қабілетін жоғалта бастаған кезеңде анықталғанына алаңдайды.
“Бұл аймақта ВИЧ-ті ертерек анықтайтын тест өткізу стратегиясының тиімсіз екендігінен хабар береді” делінген екі ұйымның ортақ мәлімдемесінде.
Коронавирустың ВИЧ тестіне қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. ДДСҰ-ның Еуропадағы аймақтық директоры Ханс Клуге пандемия бізден "көкжиегі көрінген СПИД-сіз болашақты" тартып алмауы керек, оған жол бермеуге тиіспіз" деді.
"Бұрындары ВИЧ диагнозы өлім жазасы сияқты естілетін. Енді қазір жақсылап тұрып емдеуге күш салсақ, ВИЧ жұқтырғандар СПИД-тен қорықпай өмір сүре алады" дейді Клуге.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қуаныштан жыладық". ВИЧ жұқтырған жастар дені сау бала сүйді