Лукашенко конституцияны өзгертемін деді, Тихановская Джо Байденмен кездесу жоспарын айтты

Александр Лукашенко (сол жақта) Минскіде №6 қалалық клиникалық ауруханада. 27 қараша, 2020 жыл.

Беларусьті 26 жыл бойы басқарып келе жатқан Александр Лукашенко жаңа конституция қабылданған соң биліктен кететінін мәлімдеді. Бұл жөнінде елдің мемлекеттік БЕЛТА ақпарат агенттігі хабарлайды.

Минскідегі №6 қалалық клиникалық ауруханаға барған Лукашенко "келесі президент елді құрдымға жібермеуі үшін" президенттің өкілетін шектеу қажет екенін айтты.

"Жаңа конституцияны қолдаймын. Қандай да бір демократия үшін емес. Мәселе демократияда емес. Мұнда мені толғандыратыны – таныс емес президентке мұндай Конституцияны беруге болмайды. Қиын болады" деді Лукашенко.

Оның айтуынша, бұрынғы Совет одағында ең "салмақты, қатаң" Конституциясы бар елдер – Қазақстан, Ресей және Беларусь. "Бұл елдерде барлығы президенттің шешіміне тәуелді. Осы тұрғыдан қарасақ, құдай сақтасын, бір адам келіп соғыс бастаймын десе қайтеміз?" деді ол. Лукашенко партиялар құрып, парламент сайлауын партия тізімімен өткізу қажет деген ой айтты.

"Жаңа Конституция болғанда мен сіздермен президент болып жұмыс істемеймін" деді Александр Лукашенко.

Бірақ ол бұл өзгерістердің қашан боларын нақтылап айтпады. Бұрындары Лукашенко негізгі заңға өзгеріс енгізу туралы бірнеше рет ұсыныс тастаған. Оппозиция мұны "билікте ұзақ қалу үшін уақытты созуға тырысу әрекеті" деп сынаған.

Беларусь басшылығы жыл соңында не 2021 жылғы қаңтарда мыңдаған адамның қатысуымен ұлттық ассамблея өткізіп, конституцияға өзгеріс енгізу жайын талқылауға шақырды.

9 тамызда өткен президент сайлауында Александр Лукашенко алтыншы мәрте президенттікке сайланды деп жарияланғалы бері елде наразылық толастамай тұр. Сайлау кезінде дауыстардың жаппай бұрмаланғанын айтқан оппозиция нәтижені мойындамайтынын мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл сайлауда оппозиция атынан додаға түскен Светлана Тихановская жеңіске жетті.

Сайлаудың алдында Светлана Тихановская президент болып сайланған жағдайда атқарушы биліктің өкілетін шектейтін 1994 жылғы конституцияға қайтып оралу жөнінде референдум өткізетінін мәлімдеген.

Жаздан бері болып жатқан жүздеген мың адам қатысқан наразылық шаралары кезінде жұрт оның президентен кетуін талап еткен. Ал Лукашенко биліктен кету ниеті жоқ екенін жиі қайталайды. Соңғы рет ол осы ойын тағы да қайталап, наразылық шеруін өткізіп жатқандарды "түрлі түсті революция ұйымдастыруға тырысатындар" деп айыптаған.

АҚШ және Еуропа одағы Александр Лукашенконы Беларусьтің заңды сайланған басшысы деп мойындаудан бас тартып, елде жаңа сайлау өткізуге шақырып отыр. Еуроодақ Лукашенко бастаған Беларусьтің лауазымды тұлғаларына санкция салды.

Жеке бас қауіпсіздігі үшін шетелде тұрып жатқан оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская Польшадағы Belsat телеарнасына берген сұхбатында АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байденмен кездесуі мүмкін екенін айтты.

"Джо Байденмен кездесу жоспарда бар, мұндай кездесуге шақыру алғанбыз" деді Тихановская. Оның сөзіне сенсек, жақында экс-кандидаттың штабы Ұлыбританияға, Норвегияға және басқа елдерге сапарлауды жоспарлаған.

11 тамызда Литваға кетуге мәжбүр болған оппозиция өкілі содан бері Франция, Германия, Словакия басшыларымен және Еуропаның біраз елінің сыртқы істер министрлерімен кездескен. Мұнымен қоса ол Германия Бундестагында және Францияның Ұлттық ассамблеясында онлайн форматта сөз сөйлеген.