Химиялық қаруларға тыйым салу ұйымы Мәскеуді ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды улаудың жай-жапсарын жариялауға шақырды. Ұйымның 25-сессиясында оған мүше 193 елдің 56-сы қолдаған мәлімдемені Ұлыбритания делегациясы жариялады.
Бірлескен мәлімдемеде адам жүйкесін салдандыратын затпен улаудың кез келген түрі химиялық қару қолдануға жатқызылатыны және мұның алаңдаушылық тудыратыны айтылған. "Химиялық қаруды қолдануға жол берілмейді, қолданылған жағдайда бұл халықаралық нормаларға қайшы деп есептеледі" делінген құжатта.
Мәлімедемеге қол қойған ұйым мүшелері ресейлік оппозиционерді "Новичок" тобына жататын умен улауды сынға алып, 2018 жылы Ұлыбританияда Ресей барлау басқармасының бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия да осы умен уланғанын ескертеді.
Мәлімдемені Ұлыбританиямен қоса Еуроодақ елдері, АҚШ, Канада, Австралия, Түркия, Жапония, Украина, Грузия және басқа елдер қолдаған.
Ұлыбритания делегациясы қорғаныс министрлігіндегі мемлекеттік министр Аннабель Голдидің сөзін келтіреді:
"Навальныйдың улануына Ресейдің қатысы бар екендігі жайлы ақпараттан өзге бірде-бір сенуге тұрарлық түсіндірме жоқ. Біз Ресей Федерациясын Химиялық қаруларға тыйым салу ұйымына "Новичок" бағдарламасының жай-жапсарын толық ашып беруге шақырамыз" деді ол.
Навальный 20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқанда есінен танып қалған. Оны алдымен Омбыда ауруханаға жатқызып, содан соң Германиядағы клиникаға алып кетті. Қазір ол сол елде сауығып жатыр. 2 қыркүйекте саясаткердің ағзасынан "Новичок" ізі табылды, ал Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден болған жайды түсіндіруді талап етті. Францияның, Швецияның және Химиялық қаруларды таратпау ұйымының зертханалары Навальныйдың анализдерінде "Новичок" уы бар екенін айғақтады. Ресей билігі Навальныйды улауға қатысы жоқ екенін айтады.
Еуропа одағы қазанда алты адамға және Органикалық химия және технология мемлекеттік ғылыми зерттеу институтына санкция салды.
Санкция Еуроодақ аумағына кіруге тыйым салады және ондағы қаржы активтерін бұғаттайды. Ресей сыртқы істер минисрі Сергей Лавров Мәскеу Гермкния мен Франция өкілдеріне қарсы санкция салатынын мәлімдеді.