2 желтоқсанда 769 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Медицина қызметкері.

2 желтоқсанда Қазақстанда коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 769 адам анықталды, 642 адам жазылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, сәрсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 140, Павлодар облысында - 99, Солтүстік Қазақстан облысында - 97, Ақмола облысында - 89, Қостанай облысында - 82, Алматы қаласында - 72, Нұр-Сұлтанда 41 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.

Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендер 133 887 адамға жетті: 118 мыңнан астамы жазылған, 2049-ы қайтыс болған.

Қазақстанның коронавирус статистикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебі енгізілмеген. 1 тамыздан бері 42 447 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 444 адам қайтыс болған, 30,6 мыңнан астамы жазылған.

Бұған қоса, коронавирус статистикасына Covid жұққан, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" делінген жүздеген адам өлімі де енгізілмеген.

Сарапшылар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус мәліметке күмәнмен қарайды.

Өткен аптада денсаулық сақтау министрлігі ШҚО, Қостанай, Павлодар, СҚО, Ақмола облысында статистика дұрыс жүргізілмегенін анықтаған еді.