Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, сәрсенбі, 2 желтоқсанда 8 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. Бұған қоса, коронавирус пневмониясынан 2 адам қайтыс болған. Коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген науқастар арасында 7 адам өлімі тіркелген.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда барлығы 133 887 адамға Covid жұққаны тестпен расталған, 118 мыңнан астамы жазылған, 2056-ы қайтыс болған.
1 тамыздан бері 42 455 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 446 адам пневмонияның осы түрінен қайтыс болған. 30 мыңнан астамы жазылған.
Денсаулық сақтау министрлігі медик-белсенділердің қысымы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау министрлігінің кеңесімен коронавирус жұққаны тестпен дәлелденбеген, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияны Covid деп тануға мәжбүр болды. Бірақ 1 тамызға дейін коронавирус пневмониясы туралы мәлімет жарияланбады. Ведомство сонымен бірге коронавирус пневмониясын коронавирус бойынша негізгі статистикаға қоспай келеді.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Қазақстан коронавирус жұққандар саны жағынан әлемде 42-орында тұр (176 334 науқас). Ұйым осы аптада ғана Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққандарды да бірге есептей бастады.