Минскіде шеруде қаза болған наразыны еске алған белсенділер сотталды

Шеру кезінде қаза болған Александр Тарайковский опат болған маңда пайда болған жазу. Минск, қыркүйек, 2020 жыл.

8 желтоқсанда Минск соты асфальтке "ұмытпаймыз" деп жазып кеткен бес адамға үкім оқыды.

Қыркүйек айының басында Беларусь астанасында бірнеше адам шеру кезінде қаза болған Александр Тарайковский опат болған жерге "ұмытпаймыз" деп жазып кеткен еді. Ізінше олардың үстінен "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалып, ұсталған.

8 желтоқсанда сот Денис Греханов, Игорь Самусенконың бостандығын 1,5 жылға шектеп, жұмсақ режимдегі түзету мекемесіне жіберді. Мария Бобовичтің бостандығы 1,5 жылға шектелді. 2 жылға бас бостандығынан айырылған Максим Павлющик пен Владислав Гулис жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

34 жастағы Александр Тарайковский 10 тамызда Минск орталығында кеудесіне оқ тиіп, қаза болған. Билік наразы тұрғын арнайы жасақ өкілдеріне "жарылғыш зат" лақтырмақ болған кезде қолындағы зат жарылып кетті деп мәлімдеген. Ал куәлар Тарайковскийдің қолында жарылғыш зат болмағанын айтқан.

Интернетте жарияланған видеода құқық қорғау орган қызметкерлері жағынан оқ атылып, Тарайсковскийдің құлағаны көрінеді. Тұрғындар оқиға орнында шағын мемориал ұйымдастырған.

  • 9 тамызда өткен президент сайлауында Александр Лукашенко алтыншы мәрте президенттікке сайланды деп жарияланғалы бері елде наразылық толастамай тұр. Сайлау кезінде дауыстардың жаппай бұрмаланғанын айтқан оппозиция нәтижені мойындамайтынын мәлімдеген. Оппозиция жақтастары сонымен бірге биліктің шерулерді күшпен басып, белсенділерді қудалауын да айыптаған. Наразыларды күшпен тарату кезінде кемінде 5 адам қаза болған, 6 адамнан әлі күнге дейін хабар жоқ. Құқық қорғаушылар мәліметінше, шамамен 30 мың белорус қудаланып, қоқан-лоқыға ұшыраған.
  • Еуроодақ, АҚШ сайлау нәтижесін мойындамады. Еуропарламент Беларусьтегі бейбіт шеруді айыптайтын резолюция қабылдады. Беларусьтің бірқатар шенеуніктеріне санкция салынды.
  • Ресей Беларусьтегі сайлау нәтижесін мойындап, жағдай ушықса Лукашенкоға әскери көмек беруге уәде берген.