9 желтоқсанда "Верный капитал" компаниялар тобы БТА банк Болат Өтемұратовтың үстінен түсірген шағымын қайтып алуға келісті деп хабарлады. "Осы келісім бойынша ағылшын сотының Өтемұратов активтерін бұғаттау туралы бұйрығының күші жойылды" деді компания өкілдері. Компания хабарламасы Informburo сайтында жарияланды.
Өткен аптада Ұлыбритания соты БТА банк шағымы негізінде Өтемұратовтың активтерін бұғаттаған. Ақпарат бойынша, "БТА" бизнесменді басқалармен бірге "банктен ұрланған ақшаны жасыруға көмектесті" деп айыптаған.
9 желтоқсанда жарияланған "Верный капитал" мәлімдемесінде Болат Өтемұратов пен БТА банк өкілдері арасында құпия келісім жасалғаны, банктің сотқа түсірген шағымын қайтаруға келіскені жазылған. Онда жауапкер жақтың Өтемұратов пен онымен байланысты адамдардың "банк ақшасын ұрлау ісіне қатысы жоқтығын дәлелдейтін" құжаттарды көрсетуге уәде бергені және келісім жасалғанға дейін кейбір құжаттардың берілгені жазылған.
Осыған дейін "Верный капитал" мәлімдеме таратып, бұғаттау туралы сот шешімі "жалған құжаттар негізінде шығарылды, сот шешімін апелляцияға бердік" деп хабарлаған. Ал БТА банктің өзі Азаттыққа әзірге түсініктеме бермейтінін айтқан.
"Өтемұратов активтерінің бұғаттан босатылғаны" жайлы ақпаратты "Верный капиталдан" басқа әзірге ешкім таратқан жоқ. БТА банктің ресми сайтында келісім жайлы хабарлама жоқ.
Америкалық Wall Street Journal басылымының жазуынша, бұғатталған активтер арасында шетелдік ірі банктердегі шоттарда жатқан ақша және Мәскеуде, Венада және Қазақстан астанасында орналасқан Ritz-Carlton қонақүйлеріне жартылай иелік ететін компаниялар, сонымен бірге Өтемұратовқа және оның ұлы Әнуарға тиесілі Burger King фастфуд мейрамханалар желісінің қазақстандық франшизасы болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қатерлі ойын". Болат Өтемұратовқа қарсы істің артында кім тұр?"Forbes – Қазақстан" журналының мәліметі бойынша, Болат Өтемұратов Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарында төртінші орында тұр. Журналдың жазуынша, ол активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы ең ірі үштікке кіретін ForteBank-ті бақылайды (мамыр айындағы дерек). 2019 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, банк активтерінің ауқымы 2,07 миллиард теңде болған. Сонымен қатар оның тау-кен, мұнай-газ және телекоммуникация салаларында активтері бар.