HRW: Қырғызстанда мыңдаған мүгедек бала интернаттарда оқшау өмір сүріп жатыр

Көрнекі сурет.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы Адам құқығы күніне орай Қырғызстандағы мүгедек балалардың ахуалы жайлы есеп жариялады.

74 беттік есепте ұйым өкілдері Қырғызстанда мүгедек балалардың сапалы инклюзивті білім алуы қиын деген тұжырым жасаған. Зерттеу авторларының айтуынша, кемістігі бар балалар мемлекеттік ұйымдардан тексерістен өткен кезде дискриминацияға ұшырап, ізінше көп жағдайда арнайы мектеп немесе орталықтарға жіберіледі. Қырғызстанның 2019 жылы Мүгедектер құқығы туралы конвенцияны қабылдағанын еске салған ұйым мемлекет инклюзивті білім беру саласын жетілдіруге күш салмады дейді.

"Қырғызстан үкіметі инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру міндетін алған, яғни мүмкіндігі шектеулі балалардың өздері тұрып жатқан аудандағы жәй мектептерде оқуға мүмкіндігі болуы тиіс еді" дейді есеп авторы, Human Rights Watch зертетушісі Лора Миллис.

Ұйым 100-ден астам мүгедек бала мен жасөспірім, оларға білім беретін интернат мұғалімі мен қызметкер, ата-аналар мен құқық қорғаушылардан жауап алған. Бұған қоса, елдің төрт аймағындағы мектеп-интернаттарға барып, жағдаймен танысқан. Сөйтіп, интернаттарда мүгедек балаларға қарайтын қызметкерлер жетіспейтінін, мекеме қызметкерлерінің психотропты препараттар қолданып, балаларды психиатриялық клиникаларға мәжбүрлі түрде жатқызатынын анықтаған. Дәрігерлердің бірі тәртібіне байланысты шағым түскеннен кейін баланы психиатриялық ауруханаға жібергенін мойындаған.

2012 жылдан бері қырғыз үкіметі 17 интернатты (үшеуі - мүгедек балаларға арналған мекеме) жабуға міндеттелген. Бірақ қазір елде 3 мың мүгедек бала интернатта тәрбиеленіп жатыр. 8 жыл ішінде үкімет тек бір ғана арнайы мектеп-интернатты жапқан.

Ұйым өкілдері мүгедек балалардың жалпы орта мектептерге бара алмауы - ұлттық заңнамаға да, халықаралық құқыққа да қайшы деп атап көрсеткен.