13 желтоқсан күні таңертең Алматы қаласы әкімдігінің алдындағы жерде "Ұмытылмас 1986 2011" деген жазу пайда болды. Оған таяу тұста #qazaqkoktemi деп жазылған. Бұл туралы Instagram әлеуметтік желісінде Rukh2k19 тобы хабарлады.
"Біз бостандық ұрпағымыз. Біз 1986, 2011 жылдары болған репрессия мен халыққа қарсы қылмысты еш ұмытпаймыз әрі билікті кешірмейміз. 2020 жылғы 16 желтоқсанда сағат 12:00-де республикамыздың алаңдарында біз, қазақстандықтар, өзгерістер үшін бірігеміз!" деп жазылған Rukh2k19 мәлімдемесінде.
Бірнеше сағаттан кейін әкімдік алдындағы жазуды өшіріп тастады.
16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған. 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.
Rukh2k19 тобы бұған дейін биылғы 1 желтоқсанда Алматыда белгісіз біреулер "Адам атына 47,3 млрд теңге жұмсады" деген сөздер, #qazaqkoktemi және #cancelelbasy хэштегтер жазылған, ұзындығы он метр баннерді көшеге іліп кеткенін хабарлаған. Баннерді Қазақстанда билік Тұңғыш президент күні деп жариялаған 1 желтоқсанда таң алдында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген көшенің бойына іліп қойған.
Қазақстанда экс-президенттің атындағы әуежай, университет, кітапхана, мектептер желісі бар, ірі қалалардағы орталық көшелерге, тіпті Іле Алатауындағы биік шыңға оның есімі берілген. Назарбаевқа ескерткіштер қойылып, оның өмірі туралы фильмдер мен кітаптар жарық көрген.