Таулы Қарабақ: "Мәйітті қорлап, зираттарды бұзды" деп күдікке ілінген әзербайжан офицерлері қамалды

Таулы Қарабақтағы Зангелан ауданы.

Таулы Қарабақта алты аптаға созылған соғыс кезінде армян солдаттарының мәйітін қорлады және зираттарды қиратты деп күдікке ілінген төрт адам қамалды, екеуі - әскери қызметкер. 14 желтоқсанда Әзербайжан билігі осылай деп хабарлады.

Әзербайжан бас прокуратурасының хабарлауынша, Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде интернетте тараған видеолар зерттелгеннен кейін төрт адам ұсталған.

Екі сержант Зангелан ауданындағы шайқас кезінде қаза тапқан армян солдаттарын қорлады деген күдікке ілінген. Қалған екі адам Мадатли ауылындағы зираттарды бүлдірді деп айыпталған.

“Мазмұны соған ұқсас қалған видеолар зерттеліп жатыр... Әзербайжан әскерінің сондай қылмыс жасауына жол беруге болмайды және сондай қылмыс жасаған жекелеген тұлғалар заң алдында жауап береді” делінген хабарламада.

Осыған дейін халықаралық құқық қорғаушылар Әзербайжан мен Арменияны Таулы Қарабақта жақында болған соғыс кезіндегі "әскери қылмыстарды" зерттеп, кінәлілерді жазалауға шақырған.

Атап айтқанда, Amnesty International ұйымы 10 желтоқсанда жариялаған мәлімдемесінде "сотсыз дарға асу, тұтқындарға қатыгездік көрсету, қарсылас жақ солдаттарының мәйітін қорлау" сияқты көріністер бейнеленген 22 видеоны сараптағанын хабарлаған. Құқық қорғаушылар "Бұл халықаралық құқықты таптау. Әзербайжан мен Армения тез арада зерттеу жүргізуі тиіс" деген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құқық қорғаушылар Армения мен Әзербайжанды Таулы Қарабақтағы әскери қылмысты зерттеуге шақырды

Шамамен бір ай бұрын Ресей, Әзербайжан президенттері және Армения премьер-министрі Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы ортақ мәлімдеме жасады. Қыркүйек айының соңында басталып, қараша басында тоқтаған соғыста 5 мыңнан астам адам қаза болған, арасында бейбіт тұрғындар да бар. Қақтығыс кезінде тараптар бір-бірін халықаралық құқықты бұзды деп айыптады.