Алматы қаласының тергеу соты төрт белсенді: 37 жастағы Қайрат Қылышев, 47 жастағы Асхат Жексебаев, 48 жастағы Абай Бегімбетов, 55 жастағы Ноян Рахымжановтың қамау мерзімін тағы екі айға созды. Сот қаулысына сәйкес, Қылышевтің қамау мерзімі - 30 қаңтарға дейін, Бегімбетовтікі - 23 қаңтар, Жексебаевтыкы - 22 қаңтар, Рақымжановтыкы 29 қаңтарға дейін ұзартылған.
Адвокаттар Ғалым Нұрпейісов пен Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне осылай деп хабарлады. Нұрпейісов - Қылышев, Жексебаев пен Бегімбетовті, Балғабаева Рақымжанов мүддесін қорғайды.
Асхат Жексебаев 22 тамызда Ақтауда ұсталып, сол күні Алматыға жеткізілген. Абай Бегімбетов 23 тамызда Алматыда ұсталды. Сол күні Алматы тергеу соты оларды екі айға қамауға рұқсат берді. Қайрат Қылышев 30 тамызда ұсталған.
Бастапқыда үш белсенді "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" (Қылмыстық кодекстің 405-бап, 2-бөлігі) деген күдікке ілінген. Кейін қазан айында оған "экстремистік топ құру" бабы (182-бап, 1-бөлім) қосылды. Қылмыстық кодекс бойынша, 405-бап - аса ауыр емес қылмыс түріне жатса, 182-бап - ауыр қылмыс түріне жатады және ол бойынша 10-17 жыл аралығында түрме жазасы қарастырылған.
29 қазанда жоғарыда аталған екі бап бойынша белсенді Ноян Рақымжанов ұсталды.
Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Қайрат Қылышев және Ноян Рақымжанов - саяси тұтқындарды босатуды және демократиялық реформаларды талап етіп, көптеген бейбіт жиындар мен шерулерге қатысқан азаматтық белсенділер. Олар сол үшін талай әкімшілік жазаға тартылған. (Мысалы, Жексебаев бейбіт жиынға қатысқаны үшін кемінде 8 рет 15 күнге қамалып шыққан).
Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар. Бұл екі ұйымды Қазақстан соты "экстремистік" деп танығанмен Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған.
Қазан айында Еуропарламенттің 16 мүшесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, "Көше партиясын" да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
Биыл мамыр айында бас прокуратураның шағымы бойынша Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған. Прокуратура "Көше партиясы" елде "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санайды. Ал белсенділер бұл ұйымның ҚДТ-ға қатысы жоғын айтады.
ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.
Маусым айында Нұр-Сұлтан соты "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімді апелляцияға берген белсенділер шағымын қанағаттандырмады. Сот шағым түсірген бастама топ өкілдерінің "іске қатысы жоқ" екенін алға тартқан.