16 желтоқсанда Алматыда белсенділер, қала тұрғындары орталық алаңға жиналып, Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандарын еске алды. Арнайы жасақ Республика алаңының бірнеше жеріне жиналған белсенділерді қоршап, акция өткізуіне мүмкіндік бермеді.
"Әділ сайлау", "Оян, Қазақстан" деп ұрандатқан Oyan, Qazaqstan белсенділері алаңның бір жағында саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауын әділ өткізу қажеттігін айтқан. Оларды күштік құрылымдар қоршап алды. Шарадан хабар таратқан ақпарат құралдары да қоршаудан шыға алмады. Белгісіз бір адам белсенділердің плакаттарын тартып алып еді, қозғалыс мүшелері бір-бірін "арандатуға ермеуге" шақырды.
"Бүкіл билік Назарбаев қолында" деген Oyan, Qazaqstan өкілдері полицияны халықпен бірге болуға шақырды. Олардың сөзіне қарағанда осыған дейін жастар 16 желтоқсанда алаңға жиналатынын айтып, билікті ескерткен.
Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратып жатыр:
Алаңның екінші жағында "Демпартия" белсенділері де жылжи ала алмай қалды. Олар полиция қоршауында қалған Oyan, Qazaqstan белсенділеріне араша түспек болып, сол жаққа барғысы келген еді.
Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, шараға жиналғандардың жалпы 200-300-ден асады. Шара басында Жаңаөзен шындығы ашылмағаны, халыққа оқ атуға бұйрық бергендердің жазаланбағаны айтылды.
- Жаңаөзен қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жазалануы тиіс. Күресу керек. Әкімшілік митинг өткізбеңдер дейді. Егер Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске ала алмасақ, қандай мемлекет болғанымыз? - деді белсенді Жанболат Мамай.
Әкімдік пен прокуратура өкілдері жиналғандарға шараның заңсыз екенін айтып, бірнеше рет ескерту жасады. Алаң маңында бірнеше автобус, полиция көлігі, жедел жәрдем көліктері тұрды.
16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған. 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.