Болгария тыңшылық жасады деп күдікке ілінген Ресей дипломатын "нон грата тұлғасы" жариялады. Оған елден кету үшін 72 сағат берді. Бұл туралы Азаттықтың Болгар қызметі елдің сыртқы істер министрлігіне сілтей отырып хабарлады.
Елдегі мамандандырылған прокуратураның мәліметінше, ресейлік 2017 жылдан бері Болгарияның мемлекеттік құпиясы саналатын деректерді жинаумен болған. Ол деректің ішінде оқу-жаттығу жиындары кезінде Болгарияда қанша америкалық сарбаздың болғаны жөніндегі ақпарат та бар. Мәлімдемеге қарағанда, дипломат бұл ақпаратты Ресейдің әскери барлау қызметіне берген. Прокуратураға мұны Болгарияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік агенттігі хабарлаған. Мекеме хабарламасында ресейлік дипломаттың Болгария азаматын алдап-арбағаны айтылады, бірақ оның тағдыры жөнінде ақпарат берілмейді.
Болгария билігі дипломаттың атын айтпай отыр. Ресей елшілігі оның әскери атташе екенін мәлімдеді. Елшіліктің сайтындағы мәліметке қарағанда, бұл қызметті қазір полковник Василий Сазанович атқарады. Елшілік тағылған айыптың "негізі жоқ" дейді.
- Сазанович 2019 жылғы қазан айынан бері Болгариядан қуылып отырған алтыншы ресейлік дипломат. Екеуі 2020 жылғы қыркүйекте, екеуі қаңтарда, біреуі 2019 жылғы қазанда "нон грата тұлғасы" болып жарияланған. Мәскеу тағылған айыпты жоққа шығарды және қарымта әрекет етінде Болгария дипломаттарын еліне қайтарып отырды.