Ұлыбритания мен Еуроодақ Брекзит туралы сауда келісіміне қол қойды

Көрнекі сурет.

Ұлыбритания мен Еуроодақ сауда келісіміне қол қойды. Құжат балық аулау құқығы және Лондон-Брюссель арасында бизнес жүргізу шарттары туралы дауға нүкте қойды.

Британ үкіметі "2016 жылғы референдум кезінде халыққа берілген уәделердің бәрі орындалды" деп мәлімдеді.

Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйеннің сөзіне қарағанда, келісім нарық мүмкіндіктерін тең пайдаланып, балық аулау шарттарын дұрыс қолдануға жол ашады.

Ұлыбритания мен ЕО арасындағы сауда келісімі тарифсіз квотасыз шарттарға негізделген. Құжат 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Тараптар сауда шарттарына келісе алмағанда Дүниежүзілік сауда ұйымының ережесіне сүйеніп, баж салығы мен квотасы бар мәміле жасауға мәжбүр болар еді. Сарапшылар одан бизнес зиян шеккен болар еді, жұмыссыздықтың да көбеюіне әсер етер еді дейді.

2019 жылы Ұлыбритания мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы 668 млрд фунтты (900 миллиард долларға жуық) құраған.

  • 2016 жылы жаздағы референдумда британдықтар Еуроодақтан шығуды қолдаған. 1973 жылы Еуроодаққа қосылған Ұлыбритания – одақ құрамынан шыққан алғашқы мемлекет.
  • Брекзиттен кейін 1972 жылы қабылданған Еуропа қауымдастықтары туралы актінің күші жойылады. Осы құжат негізінде ел одаққа енген еді. Брекзит одан бөлек, Еуроодақ заңдарын британ заңнамасымен алмастыруды көздейді.
  • Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мәселесі 2017 жылдың маусым айынан бері талқылана бастады. Алғашында одақтан шығу процесі екі жылға созылады деп айтылғанмен одан да көп уақытты талап етті.
  • Бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй екі жыл Еуроодақпен келіссөз жүргізді. Ол жасаған келісімді британ парламенті үш рет мақұлдамай тастаған. Ақыры оның оставкаға кетуіне де түрткі болды. Мэйдің орнына келген Борис Джонсон қандай шартпен болса да, Ұлыбританияны одақтан алып шығуға уәде берген.