Ресей полициясы Жемқорлықпен күрес қорының заңгері Любовь Собольдің пәтерін тінтіп, өзін тергеуге алып кетті. Бұл ақпаратты 25 желтоқсанда Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры хабарлады.
"Любовь Собольді жауап алу үшін тергеу комитетіне алып кетті. Пәтеріне тінту жүргізілді" деп жазды қор Twitter-дегі парақшасында.
Навальный жақтастары оны 44 жастағы Кремль сыншысын улау ісіне қатысы бар делінген ФСБ өкілімен кездесуге тырысқаны үшін қудалуы мүмкін дейді.
21 желтоқсанда - "Навальныйдың ФСБ қызметкері Кудрявцевпен аудио-әңгімесі" жарияланған күні кешке Соболь мен тағы бірнеше белсенді (арасында журналистер де бар) Константин Кудрявцевпен кездесуге тырысқан. Сол күні полиция Собольды ұстап әкетіп, сәлден кейін босатқан.
Еуропадағы тәуелсіз үш зертхана Навальныйдың жүйкені сал етіп тастайтын "Новичок" уымен уланғанын анықтаған. Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым тұжырымды растаған.
Батыс елдері Ресейді Навальныйдың улануын жан-жақты зерттеуге шақырған. Ресей билігі "саясаткерге у беру" ісі бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Оқиғаға арнайы қызметтің қатысы бар деген тұжырымды да терістеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей агенті Навальныйдың қалай уланғанын абайсызда айтып қойды