Ресей денсаулық сақтау министрлігі "Спутник V" деп аталатын коронавирус вакцинасын 60 жастан асқан азаматтарға салуға рұқсат берді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко "Россия-24" арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Ресейде вакцинаны егу науқаны басталып кеткен.
Ресейлік вакцинаны салу Мәскеуден басталды. Дәріні 5 желтоқсанда қауіп тобындағы адамдарға еге бастады.
Мұның алдында Мурашко жаңа жылға дейін аймақтарға вакцинаның 500 мың дозасы жіберілетінін айтқан. Бұдан бөлек 300 мың дозаның Аргентинаға жіберілген мәлімделген.
Алайда Ресейдегі вакцинациялау деңгейі АҚШ пен Ұлыбританиядағыдан ондаған есе төмен, күніне бірнеше мың адамды ғана қамтиды.
Ресми статистикаға қарағанда, Ресейде Covid-ке күніне 29 мыңнан астам адам шалдығады. 26 желтоқсанның таңертеңгі уақытындағы мәлімет бойынша, елде вирусты барлығы 3 миллион 21 964 адам жұқтырған. 541 299 науқас аурудан әлі емделіп жатыр. Кісі өлімі 2020 жылда кейінгі 9 жылдың рекордын жаңартты – артық өлім (қайтыс болғандардың жалпы саны мен орташа өлім санының айырмасы) 140 мың адамнан асты.
Осының алдында Ресейдің 68 жастағы президенті Владимир Путин Ресей жасына сілтеп, "Спутник" вакцинасын салдыруға дайын еместігін айтқан.
"Мамандардың айтуынша, қазір айналымға түсіп отырған вакциналар белгілі бір жас тобындағы адамдарға арналған. Біз секілділерге вакцина әлі жете қойған жоқ" деді Путин 17 желтоқсандағы қорытынды баспасөз мәслихатында. "Мүмкін болған жағдайда, міндетті түрде салдырамын".
"Спутник V" вакцинасын сынаудың үшінші фазасы әлі аяқталмады. Meduza басылымының жазуынша, ғалымдардың ресейлік вакцинаның қалай сыналып жатқанына сұрағы көп. Сұрақтарды талдай отырып, сынақтың сәтсіз болғанын аңғаруға болады дейді басылым.