27 желтоқсанда Қазақстанда 733 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. 27 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Бір күнде Covid-тан 10 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің 28 желтоқсан күнгі хабарламасында осындай мәлімет жазылған.
Жексенбі күні ең көп науқас Атырау облысында (133) тіркелген. Алматы қаласында - 83, Павлодар облысында - 65, Қостанай облысында - 62, Нұр-Сұлтан, Солтүстік Қазақстан облысы және Алматы облысында әрқайсында 57 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Ақмола облысында - 54, Шығыс Қазақстан облысында 49 адамның ПТР-тесті оң шыққан.
Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері 152 460 адамның коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен, 2 259-ы қайтыс болған. 10-ы өткен тәулікте көз жұмған.
Коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бері есепке алып келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясымен ауырғаны белгісіз. Ол жайлы мәлімет жарияланбады. 1 тамыздан бері 45 442 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 490-ы қайтыс болған. Өткен тәулікте адам өлімі тіркелмеген.
Қазір коронавирус пен коронавирус пневмониясынан 22 мыңнан астам адам емделіп жатыр. 10 358 адамның Covid тесті оң нәтиже көрсеткен. 245 науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер 48 адамның жағдайын өте ауыр деп бағалайды. 42 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 80,7 млн адамға коронавирус жұққан. Шамамен 45,6 млн адам жазылған, 1 млн 760 мың науқас қайтыс болған.