Түркістан облысында "басылымға жазуға мәжбүрлеген" балабақша қызметкері әкімшілік жазаға тартылды. Жауапкер шешіммен келіспейді.
28 желтоқсанда Түлкібас ауданында "Қарлығаш" балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы әрі әдіскер Балқия Аяповаға тәрбиешілердің бірін "газетке жазылуға мәжбүрлегені" үшін ескерту беріліп, "педогогикалық этиканы бұзғаны" үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Азаттыққа Түркістан облыстық білім сапасын бақылау департаментінің өкілі Жанар Қасымова айтты.
Жанар Қасымованың сөзінше, балабақша меңгерушісі 25 желтоқсан күні денсаулығына байланысты демалыс алған. Ал Балқия Аяпова оның міндетін уақытша атқарған. Оның үстінен хаттама сол кезде толтырылған.
- Заң бойынша "баспасөзге жазылуға мәжбүрлегені" үшін ескерту беріледі, ал "педагогикалық этиканы бұзғаны" үшін 30 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады, - деді департамент өкілі.
Өткен аптада Түркістан облысында балабақша қызметкері басшылықтың газетке жазылуға мәжбүрлеп жатқанын айтып, президент пен білім министріне әлеуметтік желі арқылы шағым жолдаған еді. Оның сөзін әріптестері қуаттаған.
Қарай отырыңыз: "Газетке жазылуға мәжбүрлейді" деген тәрбиеші Тоқаевтан көмек сұрады (26 желтоқсан 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Балқия Аяпова Азаттыққа "педагогикалық этиканы бұзды" деген айыппен келіспейтінін жеткізді. Ол тәрбиешілердің ортақ чатында мұғалімдердің "намысына тиетін сөз айтқанын" мойындағанмен "ешкімнің атын атап, түсін түстемегенін" айтты.
- Қаулыны қолыма алған соң ары қарай ізденуге құқығым бар, - дейді ол.
Ал балабақша тәрбиешісі Ақмарал Бүрлібаева білім сапасын бақылау департаментінің шешімімен келісетінін, бұдан былай балабақша әкімшілігі қандай да бір қысым жасаса сотқа шағым түсіретінін айтады.
Қазақстанда мұғалімдерді газет-журналға күштеп жаздыру мәселесі жиі қозғалады, бірақ әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Күштеп жаздырылатын газеттердің басшылығы, жергілікті әкімдіктер мұны жоққ шығарады, Білім және ғылым министрлігі растайды, бірақ шарасыздық танытады.
Өткен айда Шымкент қаласында бірнеше мұғалім директордың туған күнінен бастап, мектеп пердесіне дейін ақша жинайтынын айтып шағынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Директордың туған күніне де". Жөнсіз ақша жинауға шағынған мұғалімдердің оқиғасы қалай өрбіді?