Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Covid-ке мия тамыры шипа болуы мүмкін екенін айтып, жергілікті ғалымдарға өсімдіктің қасиетін зерттеуді тапсырды. Бұл ақпаратты Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады. Түркіменстан билігі ел аумағында коронавирус барын жоққа шығарса да, бұған дейін ауруханалардың толып кеткені, вируспен байланысты адам өлімі көбейгені жайлы хабарлама жиі тараған.
"Мия тамыры дәстүрлі медицинада баяғыдан бері қолданылады. Оны ішкі ағзалар, жөтел, бүйрек жарасы, тыныс алу жолдары және аш ішекті емдеу үшін қолданады" деді Түркіменстан басшысы 25 желтоқсан күнгі үкімет отырысында.
Түркіменстанда мияның 15 түрі өсетінін атап өткен президент оның түбірінде глицерризин қышқылы барын айтып, ғылым академиясына өсімдіктің қасиеттерін мұқият зерттеуді тапсырған.
Елде коронавирус белгілері байқалған науқастар көбейіп, вируспен байланысты адам өлімі артса да, Түркіменстан билігі әлі күнге дейін елде коронавирус барын ресми түрде мойындаған жоқ.
"Түркіменстанның дәрілік өсімдіктері" атты жинақтың авторы Бердімұхамедов наурыз айында коронавирустан қорғану үшін адыраспан, сексеуіл түтінін қолдануға болатынын, бұрыш қосылған кеспе де аурудың алдын алатынын айтқан. Індет кезінде ол мектептерді кітаптағы мәліметтерді пайдалана отырып, денсаулық сабақтарын өткізуге міндеттеген.
Билік елде "коронавирус жоқ" дегенмен жақында Ресейден коронавирусқа қарсы вакцина сатып алатынын мәлімдеген. Бұған дейін Мәскеу Ашғабатқа 50 мыңнан астам тест жүйесін сыйлаған. Бұдан бөлек, Түркіменстан Ресейден құны 8 миллион доллар болатын медициналық жабдық сатып алған.
Билік әлі күнге дейін ауруханаларда орын қалмағаны, қатаң шаралардың енгізілуі, карантиннің күшеюі, адам өлімінің артуы сияқты хабарламаларға түсініктеме бермеді.
13 қарашада Бердімұхамедов ел аумағында коронавирус тіркелмегенін тағы да қайталап, мұны "ірі жетістік" деп атаған.
Кейінірек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Түркіменстанның сынақ үлгілерін тәуелсіз зертханаларға жібермей отырғанын хабарлаған. Сынақ үлгісін жіберу туралы келісім 2020 жылы тамыз айында жасалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азиядағы бес елдің алты президенті. 2020 жыл қалай өтті? ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Коронавирус барын жоққа шығаратын Түркіменстан Ресейден Covid вакцинасын сатып алады