4 қаңтарда Қазақстанда коронавирус жұққаны тестпен расталған 723 адам анықталды, 7 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Covid-тен - 3 адам, коронавирус пневмониясынан 4 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің 5 қаңтар күнгі хабарламасында осындай мәлімет жазылған.
Дүйсенбі күні Атырау облысында - 149, Алматы қаласында - 92, Нұр-Сұлтанда - 68, Ақмола облысында - 59, Қостанай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысында - 57 адам, Павлодар облысында 40 адамнан коронавирус анықталды.
Наурыз айынан бері 158 302 адамның ПТР-тесті оң шыққан: 145 194-і жазылған. 2 339-ы қайтыс болған.
Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі белгілері коронавирус инфекциясына ұқсас болғанымен, ауру лаборатория арқылы расталмаған пневмониямен ауырғандардың статистикасын былтырғы 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Оған дейін бұл аурумен қанша адам ауырғаны белгісіз. Содан бергі кезеңде мұндай пневмониямен 45 991 адам тіркелді, 513 науқас қайтыс болды.
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырған 85,6 миллион адам тіркелген. 48 миллион кісі бұл дерттен жазылып шықса, 1 млн 851 мың адам көз жұмған.