Алматыда тегін тестілеу нәтижесінде үш бақылаушы және сайлау комиссиясының он мүшесінен коронавирус анықталды. Бұл туралы Азаттыққа қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, 7 қаңтар күндізгі сағат 12-дегі жағдай бойынша Алматыда құрамында сайлау комиссиясының мүшелері, бақылаушылар мен сенімді өкілдер бар 8 394 адам тексерілген.
— Олар жұмыстарынан шеттетілді; сайлау комиссиясында істейтіндер қосымша құраммен толықтырылады. Бақылаушылар да тізім бойынша алмастырылады. Жұмыстан шеттетілгендерді барынша алмастыруға күш саламыз, — деді Бекшин 7 қаңтар күні орталық коммуникациялар қызметінің брифингісі кезінде.
Оның сөзіне қарағанда, қалада 1 қаңтардан бері 700-ден астам адамнан коронавирус анықталған.
3 қаңтар күнгі брифинг кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова "31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында ПТР-тестін тегін тапсырғысы келетін сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар мен сенімді өкілдерден өтініш қабылданады" деп мәлімдеген еді.
Бұл республикалық бас санитар дәрігердің қаулысына қайшы. Себебі, онда тегін тестке өтініш беру мерзімі 25 желтоқсан мен 5 қаңтар деп көрсетілген еді.
Осыған дейін кейбір бақылаушылар түрлі себептермен тегін тестен бас тартатынын мәлімдеген. "Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" (МИСК) бақылаушыларының тест шығынын өзі өтейтінін айтқан. Ұйым "тегін тестің сапасына" күмәнданып, "бақылаушыларымыздың тест нәтижесін оң шығаруы мүмкін деп қауіптенеміз" деп мәлімдеген. Бұған қоса, тегін тестен өту үшін атқару органына бақылаушылар тізімін беру қажет болады деген.
Бұған дейін аймақтағы тәуелсіз бақылаушылар ПТР-тест тапсыру кезінде түрлі кедергіге ұшырағанын айтқан.
Сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар мен сенімді өкілдердің ПТР-тестен өту қажеттігі желтоқсан айының соңында хабарланды. Бұл талап "сары" және "қызыл" аймақтарда тұрған облыстар мен қалаларға қатысты.
Көптеген сарапшылар мен тәуелсіз бақылаушылар сайлау қарсаңында сайлауды бақыламақ болғандарға талап қатая түскенін, азаматтар мен ұйымдарға мемлекеттік органдар тарабынан қысым үдегенін айтады.