9 қаңтар күні кешке Шымкент прокуратурасы "HAQ" азаматтық қозғалысының 600 бақылаушыға арналған куәлігін қайтарып берді. Бұл туралы Азаттыққа куәліктерді қолына алған жергілікті бақылаушы Аманұлла Раманқұл хабарлады.
Сол күні таңертең Шымкент қалалық полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әуежайдан келе жатқан Раманқұлдың көлігін тоқтатып, 600 бақылаушының куәлігін тәркілеген.
Аманұлла Раманқұлдың айтуынша, оған Абай ауданының прокуроры Жамалбек Әділбайұлы хабарласып, полиция тартып алған бақылаушылардың куәлігін алып кетуді сұраған. Раманқұл құжаттарды кешкі 6:00 шамасында алғанын айтты. Оның сөзінше, бақылаушы құжаттарына толы қораптарды көлікке аудандық прокуратура алдында полиция қызметкерлерінің өзі артып берген.
– Қызылорда және Түркістан облыстарына осы куәліктерді алып кету үшін келген адамдардың бәрі кетіп қалды. Прокуратура құжаттарды қайтарып бергенімен біз оларды үлестіріп үлгере алмаймыз, – дейді ол.
Аманұлла Раманқұл Абай аудандық прокуратурасының мөрі басылған тілхатты Азаттыққа ұсынды. Онда бақылаушы куәліктерді қайтарып алғанын растап, полицияның бұл әрекеті "Қазақстан конституциясы мен Сайлау туралы заңын өрескел бұзғаны" деп жазған.
Бақылаушылардың жолдамасын Раманқұлға Алматы қаласынан "HAQ" азаматтық қозғалысы жіберген. Полицияның құжаттарды тартып алғанын алғаш болып осы қозғалыстың жетекшісі Тоғжан Қожалиева хабарлаған. Бұл құжаттар 10 қаңтар күні өтетін мәжіліс пен мәслихат сайлауын бақылаймын адамдарға жолдама болмақ еді. Олар онсыз сайлау учаскесіне кіріп, бақылаушы қызметін атқара алмайды.
Бақылаушылардан "коронавирус анықталып жатыр". Олар тест нәтижесіне сенбейді
Your browser doesn’t support HTML5