Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова сайлау процесінен хабар таратып, кәсіби міндетін атқарып жүрген Азаттық тілшісін № 173 сайлау комиссиясы ғимаратынан шығарып жіберген комиссия төрағасын жазаламайтынын мәлімдеді.
— Журналистерден ПТР-тестінің талап етілмейтінін бүгін ғана ресми түрде айтқанмын, учаскелік сайлау комиссияларының барлық қызметкерлері мұны жақсы біледі. Учаске [-лік сайлау комиссиясы] төрағасының түсініктемесі бар. Оның түсіндіруінше жағдай былай болған: бұл ресурстың қызметкері (Азаттық радиосының тілшісі – Ред.) сайлау учаскесіне келіп, өзін бақылаушымын деп таныстырған, бірақ журналистігін дәлелдейтін ешқандай құжат көрсетпеген. Оның үстіне, ол бақылаушымын деген соң учаскелік сайлау комиссиясы бақылаушының құжаттар пакетін сұрағаны орынды, ал әлгі кісі бұған агрессивті жауап беріп, ұялы телефонға түсіре бастаған. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы [оқиғаның] видеосын салып жіберді, бұл жағдайды сайлау процесіне қатысып жатқан адамдар – көп бақылаушы көрген. Олар оқиғаның осылай болғанын қуаттайды. Сіздердің қызметкер мен учаскелік сайлау комиссиясы өкілінің арасында түсінбеушілік болған, — деді Асанова.
Сайлау комиссиясы өкілдерінің шабуылына тап болған Азаттық журналисі өзіне күш қолдану сәтін видеоға түсіріп алған. Ол журналист екенін, сайлау барысынан хабар тарататын БАҚ өкілдерінен коронавирусқа тест талап етілмейтінін бірнеше рет қайталап айтқан. Соған қарамастан, тілшіні ғимараттан итеріп шығарып жіберді. Сол себепты Асановаға «Сайлау комиссиясының төрағасы күш қолданғаны үшін жазалана ма?» деген сұрақ қойылды.
Your browser doesn’t support HTML5
— Бұл істе біз үшін жағдайды бастан-аяқ көріп, болған жайтты растаған бақылаушылардың сөзі дәлел бола алады. Сондықтан бұл сұраққа қайтып оралмаймыз, сайлау комиссиясының төрағасы ешқандай жазаға тартылмайды, себебі ол ереже бұзған жоқ. Тиісті құжаттарының бәрін алып, қайта келсе, сіздің қызметкер сайлау учаскесіне кіргізіледі, — деді Асанова.
Бүгін парламент мәжілісі және мәслихаттар сайлауында дауыс беру басталған алғашқы сағатта Азаттық тілшісі Алматыдағы № 173 сайлау учаскесіне кірмек болған. Бірақ комиссия төрағасы тілші Аян Қалмұраттан коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР тест нәтижесі туралы анықтама талап етті. Журналистен ПТР тесі туралы анықтама қажет емес болса да, тілшіні сайлау учаскесі аумағынан күштеп шығарып жіберді.
10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілдік орган – мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр. Мәжіліске де, мәслихаттарға да депутаттар пропорционал сайлау жүйесі бойынша таңдалады, яғни тәуелсіз кандидаттар өз бетімен үміткер бола алмайды. Додаға оппозициялық күштер жіберілген жоқ, оған тек елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясы және билікшіл төрт партия қатысып жатыр.
Сайлау алдында елдің әр аймағында сайлауды бақылағысы келген ондаған белсенді мен тәуелсіз бақылаушы ұсталып, жазаланды. Олардың арасында 5-10 күнге қамалғандары да бар.
Осыған дейін сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген белсенділер мен ұйымдардың кейбірі сайлауға белсенді бойкот жариялауға үндесе, кейбірі "Нұр Отаннан" басқа партияға дауыс беруге шақырған.
Сайлау қарсаңында құқық қорғаушылар жер-жерде белсенділердің үйіне тінту жүргізіліп, қудалау күшейгенін хабарлаған. Бірде-бір халықаралық ұйым Қазақстандағы сайлаулардың ешқайсысын әділ, ашық өтті деп бағаламаған.