Литвадағы Совет озбырлығына 30 жыл. Ал Кремль тарихты бұрмалап отыр

Литвадағы қанды қырғын. 16 қаңтар 1991 жыл. Литваның парламенті ғимараты жанында тұрған совет сарбаздары.

1991 жылғы 13 қаңтарда таң ата жүздеген литвалық Вильнюстегі телемұнараға ағылды. Олар Литваның тәуелсіздігін қайта қалпына келтіру әрекетін басып-жаншығысы келген совет әскеріне қарсы шықты. Бұл оқиғадан оннан астам адам қаза тауып, жүздеген бейбіт тұрғын жараланды.

1989 жылы Берлин қабырғасы құлап, артынша Шығыс Еуропадағы коммунистік режимдердің күйреуі Мәскеу билігінің әлсірей бастағанын анық көрсетті. Ақыры 1991 жылдың соңына қарай Совет Одағының өзі де ыдырады. Ал одан Мәскеу Балтық бойы елдерінің тәуелсіздгін мойындаған еді. Бұл мойындау сол жылы қаңтарда Вильнюсте болған қанды қырғыннан келді.

Литва 13 қаңтарды Еркіндікті қорғаушылар күні деп жариялап, Вильнюсте совет әскеріне қарсы тұрған азаматтарына құрмет көрсетеді.

Вильнюстегі Саясатты талдау институтының аға сарапшысы Мариус Лауринавичюс 13 қаңтарды литвалықтардың “жеңіс күні” деп атайды. “Әрине, бұл қайғылы күн, өйткені 14 адам қаза тапты. Әйтсе де, біз тәуелсіздігімізді қорғап қалдық” дейді маман.

Бірақ Кремль үшін бұл күн мереке емес.

1991 жылы маусымда Ресей президенті болып сайланған Борис Ельциннің тұсында Мәскеу Совет Одағының тәуелсіз 15 мемлекетке ыдырап кетуіне жол ашқандардың бірі болған еді.

Бірақ сарапшылар Ельциннің мұрагері Владимир Путин Совет Одағының шетелдегі іс-әрекеттерін қорғауға ден қойғанын айтады. Путин әсіресе одақтың Екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі ондаған жылдардағы Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен қарым-қатынасын ерекше қорғаштайды. Кремльді сынайтындар Путин тарихты бұрмалап жатыр деп айыптайды. Көптеген литвалық үшін 1991 жылдың қаңтарында болған оқиға да Путин бұрмалағысы келетін тарихтың бір бөлшегі саналады.

11 қаңтарда Литва президенті Гитанас Науседа Twitter-де “тарихты қолдан жасаушылар қанға малынған қолын жуып, еркіндігіміз жолында күрескендердің өлімі үшін жауапкершіліктен жалтарып жатыр” деп жазды.

ҚАҢТАР ОҚИҒАЛАРЫ

Совет Одағы Балтық бойындағы үш ел – Латвия, Литва және Эстонияны 1940 жылы аннексиялап алған. Ал 1990 жылы 11 наурызда Литваның Жоғарғы кеңесі ел тәуелсіздігін жариялауды қолдап дауыс берген. Михаил Горбачев басқарған Совет Одағы Мәскеудің жарты ғасырлық үстемдігінен құтылу талпыныстарына тоқтау салу үшін экономикалық және саяси қысым жасайтын.

Саяси және экономикалық ықпал етуден нәтиже шықпаған соң 1991 жылдың 11 қаңтарында Вильнюсте орналасқан совет әскері пайдаланылды. Одан бірнеше күн бұрын қалаға КГБ отрядтары кіргізілді. Әскер мен арнайы қызметке Вильнюстегі маңызды нысандарға бақылау орнату міндеті жүктеліп, 13 қаңтар күні олар қаладағы телемұнара мен Литвадағы жалғыз телестанцияны басып алды.

Сол күні совет әскерінің маңызды нысандарды басып алуын тоқтатпақ болған литвалықтар телемұнараға жиналды. БАҚ ақпаратына қарағанда, телемұнара ғимаратын қорғамақ болған қарусыз, бейбіт демонстранттарды совет әскері танкпен таптап, сарбаздар оқ атқан.

Литвалықтар Вильнюстегі телемұнара алдында Совет танкісін тоқтатып тұр. 13 қаңтар 1991 жыл.

Сол бір сындарлы күндерде 14 адам совет әскерінің қолынан қаза тапты, 700-ден астам адам жараланды. Кейін Литва билігі 14 адамның 13-і телемұнараны басып алу кезінде қаза тапқанын хабарлаған.

1989 жылы Тбилисиде әскерилер бейбіт демонстранттарды басып-жаншып, қантөгіс жасағаннан бері мұндай қанды шабуыл болған емес. Шабуылдан соң республикаға хабар таратып тұрған телерадиолар жұмысы тоқтаған.

“Бізді тыңдап отырған барлық адамға айтарымыз – армия бізді басып алып, аузымызды жапқысы келеді. Бірақ бізді еркіндік пен егемендік жолынан ешкім тайдыра алмайды" – деді диктор станция хабары үзілер алдында.

ӘДІЛДІК ІЗДЕГЕН ЛИТВА, ОНЫ ҰНАТПАҒАН МӘСКЕУ БАР

2004 жылы Латвия және Эстониямен бірге НАТО мен Еуропа одағына қосылған Литва көп жыл бойы қантөгіске кінәлілерді жауапқа тартпақ болып жүр.

2019 жылы наурызда Литва соты бұрынғы совет офицерлері мен жоғары лауазымды қызметкерлері – барлығы 67 адамды 1991 жылғы оқиғалар кезінде әскери қылмыс жасады деп айыптап, 10 жылға соттады. Сотталғандар қатарында Совет Одағының 2019 жылы тірі болған бұрынғы қорғаныс министрі Дмитрий Язов бар еді. Ресей сот тергеуіне қатысудан бас тартқандықтан, 67 адамның көбіне үкім сырттай оқылды. Михаил Горбачев та сотқа куәлік беруден бас тартты.

Литвалық әйел Совет сарбазына наразылық білдіріп тұр. Вильнюс, 12 қаңтар 1991 жыл.

Сот үкімі жарияланған күннің ертеңінде Ресей сыртқы істер министрлігі сот тергеуі мен үкімін "шектен тыс дұшпандық және шын мәнісінде арандатушылық әрекет" деп атады. Министрліктің пікірінше, сот үкімі "қате және саяси астары бар".

Министрлік сотты куәгерлердің сөзін елемеді және Ресей дипломаттарын сот отырысына қатыстырмады деп айыптады. Ресми Мәскеу сот "қазіргі Литва билігінің Ресейге қатысты деконструктивті саясат ұстанғанын" айғақтайды деді.

Совет танкілері Литваның бас телеарнасын қоршай баррикада құрған көліктерді бұзып өтіп барады. Вильнюс, 12 қаңтар 1991 жыл.

Ресей сонымен қатар аталмыш іске төрағалық еткен судьяларды жауапқа тартуға кірісті. Еуропа парламенті 2019 жылы қарашада Ресейдің бұл әрекетін "саяси астары бар" және "жосықсыз ықпал ету" деп айыптады.

ТАРИХЫ ҚҰЖАТТЫ БҰРМАЛАУ МА?

Ресейдің Балтық бойы елдерімен шиеленіске толы қарым-қатынасы 1939 жылы нацистік Германия мен Совет Одағы арасында жасалған бір-біріне шабуылдамау туралы келісім – Молотов-Риббентроп пактісінен басталады. Бұл құжат бойынша, нацистер мен Cовет Одағы Орталық және Шығыс Еуропаны бөліп алып, Кремль Балтық бойы елдерін басып алған.

Аталмыш пактіні 1989 жылы Совет Одағы айыптаса да, кейінгі жылдары Ресей билігінің өкілдері оны ашық қорғаштап жүр. Владимир Путин 2020 жылы америкалық National Interest жуурналында жарияланған мақаласында Совет Одағы кезінде жасалған әрекеттерді сынауға қарсы шыққан. Ол Балтық бойы елдерін басып алу олардың "келісімі арқылы" жасалғанын айтып, тарихты көпе-көрінеу бұрмаламақ болды деген айыптауларға ұшыраған.

Литва сыртқы істер министрлігінің БАҚ және ақпаратқа мониторинг жасау бөлімі Ресейдің 1991 жылғы қаңтардағы оқиғаларға көзқарасын "Кремльдің Литваға ғана емес, бүкіл батыс демократиясына қарсы жалған ақпарат тарату және тарихты қайта қарауды көздейтін ауқымды кампаниясының бір бөлігі" деп сипаттады.

"Біз Литваның ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі еркіндік жолындағы күресін жоққа шығару, Совет Одағының Молотов-Риббентроп пактісінің құпия хаттамалары негізінде Литваны басып алуын Совет Одағына заңды түрде қосылу деп сипаттау және Литваның ЕО мен НАТО-дағы орны туралы ақпаратты бұрмалау әрекеттерінің күшейіп келе жатқанын байқап отырмыз", – делінген министрліктің Азаттыққа жолдаған мәлімдемесінде.

Вильнюстегі телеарнаға совет әскерилері шабуылдаған кезде мерт болған 10 адамның жерлеу рәсіміне жиналған жұрт. Шабуыл кезінде барлығы 14 адам қаза тапқан. 16 қаңтар 1991 жыл.

ЕО-ның атқарушы органы – Еуропа комиссиясының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жетекші өкілі Питер Станоның айтуынша, Ресей Литвадағы 1991 жылғы қуғындауларға қатысты пропагандасын жан-жақты жүргізіп жатқанын айтады. ЕО-ның Сыртқы іс-қимылдар қызметі (EEAS) Ресейдің жалған ақпарат тарату кампаниясына бақылау жасап отырады.

"Мысалы, ең алдымен олар литвалықтарды сол кезеңде совет режиміне қарсы арандатулар ұйымдастырды деп айыптайды. Олар литвалықтар шын мәнісінде өз халқын қырғынға ұшыратты, ешкім құрбан болған жоқ дейді. Олар сол кездегі шынайы жағдайдың қандай болғаны әлі күнге белгісіз деп, Литваны ол оқиғаларға келгенде тоталитарлық елге айналып барады деп айыптайды. Я болмаса олар Литваның өз тәуелсіздігін қалпына келтіруін ССРО құрамынан өз бетінше шығып кету деп бағалайды" дейді Стано Азаттыққа.

"Кремльшіл жалған ақпарат тарататындардың үйреншікті әдеті осындай. Қандай фактілерге сенген жөн, қандай фактілер жалған екенін ажырата алмай, шатастыру үшін осылай істейді" дейді ол.

Литвалық әйел қаза тапқан туысының өліміне қайғырып тұр. 14 қаңтар 1991 жыл.

EEAS Ресейдің мемлекеттік Sputnik ақпарат агенттігін Литвадағы 30 жыл бұрынғы оқиғалар туралы "жалған ақпарат таратушы" деп атайды.

Sputnik таратқан нұсқада советтік жалған ақпарат тарату әдісі қолданылады. Ол 13 қаңтардағы оқиғалар тым даулы және шындығы ашылмайды деген иллюзия тудыруды көздейді" деп жазды EEAS 2020 жылы қаңтарда өзінің EU Vs Disinfo сайтында.

ПУТИН ЖӘНЕ СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ МҰРАСЫ

Уэльстегі Кардифф университетінде қырғи-қабақ соғысы кезеңін зерттейтін тарихшы Сергей Радченко Путиннің негізінде басқа уәж айтуына болар еді деп санайды.

1991 жылы Ресей Жоғары кеңесінің төрағасы әрі Горбачевке бәсекелес болып тұрған Ельцин Литвадағы советтік қуғын-сүргінді айыптаған. Оны қолдаған ондаған мың адам 13 қаңтар күні совет әскерінің Вильнюстегі әрекетіне қарсылық білдіріп, Мәскеудегі Манежный алаңына жиналған.

Борис Ельцин Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Киров зауытының жұмысшыларының алдында сөз сөйлеп тұр. 23 наурыз 1991 жыл.

1991 жылы маусымда Ресей президенті болып сайланған Ельцин сол жылы 7 қыркүйекте Латвия, Литва және Эстонияның тәуелсіздігін мойындаған. Қыркүйектің соңында үш ел БҰҰ-ға мүше болған.

"Бір жағынан, Ресей Литва мәселесінде Вильнюстегі басып-жаншуға Совет Одағы жауапты, біз қарсы болғанбыз деп, оңай құтыла алатын еді" дейді Радченко Азаттыққа берген жауабында. Оның айтуынша, бұл оқиғаның ақиқаты да осы болған.

"Ол (Ресей – ред.) тіпті Балтық бойы елдерінің тәуелсіздік алуына зор үлес қостық деп, моральдық тұрғыда бедел жинап алуына болады. Алайда Путин енді Совет Одағының мұрасын қорғауға кірісті" дейді Радченко. Тарихшы Ресей ССРО-ның Балтық бойы елдеріндегі іс-әрекетін қорғаудан бас тарта салса да болатынын, бірақ олай етпегенін айтады.

Радченконың сөзінше, Путин бір жақты бағыт ұстанып алғандықтан, "ерекшеліктерді ескере алмайды".

"Яғни егер Совет одағын дәріптемек болсаң, онда соңына дейін баруың керек. Оның барлық жантүршігерлік қылмыстарын, ауыр мұраларын сенің мойныңа түседі. Олай етпесең жаудың дегеніне көнгендей көрінесің" дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орыстілді тұрғындардың томаға-тұйық кеңістігі