АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден 14 қаңтар кешке коронавирустан зардап шеккендерге көмектесіп, экономиканы сауықтыруды көздейтін құны 1,9 триллион доллар болатын жоспарды таныстырды.
"Американы құтқару жоспары" деген атпен белгілі Байден стратегиясы халықты жәрдемақымен қамтамасыз ету, шағын бизнесті қолдау және вакцинация шығынын өтеуді қарастырады.
Байден халық денсаулығына қауіп төніп тұрғандықтан қазір жедел әрекет қажеттігін айтты. Жоспар жүзеге асса, оның шығыннан гөрі пайдасы молырақ болады деді.
"Бұл инвестиция жаңа жұмыс орындары түрінде қайтып келеді... яғни, [індеттің] экономикаға ұзақмерзімді әсерін жояды. Дағдарыс кезінде қол қусырып отыра алмаймыз" деді Байден.
Байден жоспары бойынша, америкалықтарға бір реттік қаржылай көмек беру үшін 1 триллион доллар қаражат жұмсалады, ол туралы шешім желтоқсан айында қабылданып қойған. 415 миллиард доллар індетпен күреске және вакцинацияға бөлінеді. 440 миллиард шағын бизнесті қолдауға кетеді.
Құжат сонымен бірге қыркүйек айына дейін жалға алған пәтерден адамдарды көшіру, ипотекасын төлей алмаған адамдардың мүліктерін бұғаттауға мораторий жариялауды көздейді. Бұған қоса, ең төменгі жалақы көлемін федералдық деңгейде сағатына 15 долларға дейін екі есеге ұлғайтуды ұсынады.
Конгрестегі демократтар Байденнің бағдарламасын жылы қабылдады.