Өзбекстан мен Тәжікстан арасында әуе қатынасы қалпына келді. Бұл туралы 15 қаңтарда Тәжікстан азаматтық авиация агенттігінің директоры Икром Субхонзода Озоди радиосына (Азаттықтың Тәжік қызметі) хабарлады.
Жаңа кестеге сәйкес, Душанбе мен Ташкент арасында рейстер сәрсенбі сайын тұрақты түрде ұшырыла бастайды. Екі ел арасында жолаушыларды тәжіктің "Сомон Эйр" және өзбектің "Узбекистон ҳаво йуллари" әуе компаниялары тасымалдайды. Субхонзоданың мәліметінше, Өзбекстанмен әуе қатынасын қалпына келтіру туралы шешімді коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штаб қабылдаған.
Өзбекстан мен Тәжікстанда әуе қатынасы былтыр наурыз айының ортасында коронавирусқа байланысты тоқтатылған еді.
Соңғы мәлімет бойынша, Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар 78 мыңға жуықтаған. 76 мыңнан астамы жазылған. Наурыз айынан бері 619 адам Covid-тен қайтыс болған. 13 қаңтарда Тәжікстан елде коронавируспен ауыратын соңғы үш науқастың ауруханадан шыққанын, елде "коронавирусқа шалдыққан науқас" қалмағанын мәлімдеді. Бірақ тәуелсіз сарапшылар бұған күмән келтіреді. Орталық Азиядағы авторитар режимдер коронавирус туралы шынайы деректі жасырады деп санайтындар да бар. Тәжікстанда ресми мәлімет бойынша, 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың қаңтар аралығында 13 мыңнан астам коронавирусқа шалдыққан. 100-ге жуық адам қайтыс болған.
Қарай отырыңыз: Душанбенің "коронавирусты жеңгені" рас па? (5 қаңтар 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5