15 қаңтарда парламенттің 7-шақырылым депутаттарының алғашқы сессиясында депутаттардың басым бөлігі Асқар Маминді премьер-министр ретінде қалдыру туралы ұсынысты қолдады. Оның кандидатурасын 78 депутат қолдап, 21-і қалыс қалды. Қалыс қалғандар – өздерін парламенттегі “оппозиция” деп атайтын “Ақ жол” мен “Қазақстанның халық партиясы” мүшелері. Олар 10 қаңтар күнгі сайлаудан кейін мәжілістен 22 орын алған. Заңнама бойынша, мәжіліс сайлауынан кейін үкімет құрамы қайта жасақталуы тиіс.
Бір күн бұрын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" жиынында Маминді премьер-министр ретінде қалдыруды ұсынған еді.
“Қиындықтарға қарамастан үкімет өз міндетін атқара алды. Қалған елдермен салыстырғанда жаман нәтиже көрсеткен жоқпыз. Егер президент [Тоқаев] Асқар Маминді ұсынса, фракциядан оның кандидатурасын қолдауды сұраймын” деді Назарбаев.
Жұма күнгі сессия барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осыған ұқсас пікір айтып, Мамин үкіметінің “пандемиямен тиімді күрескенін” атап өтті.
55 жастағы Асқар Мамин 2016-2019 жылдар аралығында премьер-министрдің орынбасары болған. 2019 жылдың ақпан айынан бастап үкіметті басқарған.
Тоқаев жұма күні жиында коронавирусқа байланысты бірқатар статистика келтірді. Атап айтқанда, былтыр індетпен күреске 500 млрд теңге бөлінгенін, кәсіпкерлікті қолдауға 1 трлн теңге жұмсалғанын айтты. “Медициналық қызметкерлердің жалақысы, дәрі-дәрмек, инфекциялық ауруханалар салуға 225 млрд теңге жұмсалды" деді ол. Үкіметтің “тиімді стратегиясының” арқасында Қазақстан ЖІӨ-нің құлдилауын (2,8 пайыз болды) тоқтата алды, инфляция деңгейі 7,3 пайыз деңгейінде қалды деді. Дәрі-дәрмек, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс тағы басқа салаларда ілгерілеушілік байқалды деді президент.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Айман Тұрсынхан: Мемлекет халықтың алдында техникалық дефолтқа ұшырадыҚазақстан - постсоветтік кеңістік пен Орталық Азия аймағында коронавирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі. Мұнда ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері 166 мыңнан астам адам коронавирусқа шалдыққан. 3 мыңға жуық адам Covid пен пневмонияның соған ұқсас түрінен қайтыс болған. Кей тәуелсіз ұйымдар коронавирусқа шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны бұдан әлдеқайда көп дейді. Қараша айында "Сандж" зерттеу орталығы Covid жұқтырғандар билік статистикасындағы науқас санынан 37 есе көп екенін анықтаған.
Осыған дейін тәуелсіз сарапшылар індет кезіндегі үкімет әрекетін сынап, денсаулық сақтау саласындағы жемқорлықты, дәрігерлерге көмек аздығын, дәрі-дәрмек және медициналық жабдықтар тапшылығы туралы айтқан.