16 қаңтар күні Қазақстанда ПТР тестімен расталған коронавируспен 978 науқас анықталды. Бұл – 6 тамыздан бергі рекордтық көрсеткіш. Ол күні 980 науқас тіркелген. Содан күнделік науқас саны біртіндеп азайып, 20 қыркүйек күні 45-ке дейін төмендеген. Бірақ одан кейін науқас саны біртіндеп арта бастаған.
Аймақтар бойынша, көш басында – Павлодар облысы. Онда бір күнде 135 науқас анықталған. Облыста бұрын-соңды мұншалық көп Covid науқасы тіркеле қоймаған. Бұған дейінгі рекорд 29 қараша күні болған. Ол күні 121 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Содан бері тәулік ішінде тіркелетін науқастар саны бір азайып, бір көтеріліп ауытқып келеді. Облыста 11 қаңтар күні-ақ 23 қана науқас тіркелге. Бұл сан келесі күні 48-ге, одан кейін 70-ке, сосын 75-ке дейін, 15 қаңтар күні 110-ке дейін жетті. Облыста осымен барлығы 10 418 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталып отыр.
16 қаңтар күні індеттің тарауы жөнінен "қызыл аймаққа" кірген Нұр-Сұлтанда 128 науқас тіркелді. Астана үшін бұл да кейінгі бес айдағы рекорд болып отыр. Қалада вирус жұқтырғаны расталғандар саны осымен 19 895-ке жетті.
Қалған аймақтар бойынша жағдай мынадай:
Алматы қаласында - 20347(+115 адам жаңадан қосылды),
Шығыс Қазақстан облысында - 19520 (+30),
Атырау облысында - 14881(+91),
Қарағанды облысында - 12720(+57),
Батыс Қазақстан облысында - 9888(+46),
Солтүстік Қазақстан облысында - 9507(+54),
Қостанай облысында - 8597(+72),
Ақмола облысында - 8242(+79),
Алматы облысында - 8098(+92),
Шымкент қаласында -5707(+13),
Жамбыл облысында - 5247(+23),
Маңғыстау облысында - 3869(+17),
Түркістан облысында - 3879(+16),
Ақтөбе облысында -3798(+7),
Қызылорда облысында -3483(+3).
Осымен елде вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған адамдар саны 168 096-ға жетті. Оның 153 035-і жазылып шыққан. 16 қаңтардағы дерек бойынша, вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар арасында барлығы 2397 адам қайтыс болған. Бұдан бөлек, коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурадан қайтыс болды" деген жүздеген адам бар.
Қазақстан үкіметі сондай-ақ 1 тамыздан бастап коронавирус екені ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының есебін жүргізе бастады. 16 қаңтардағы мәліметке қарағанда, пневмонияның бұл түрімен тамыздан басынан бері барлығы 46 737 науқас тіркелген. Оның 534-і қайтыс болған.