Нұр-Сұлтанда дәріхана иелері министрліктің "даулы бұйрығының" күшін жоюды талап етті

Your browser doesn’t support HTML5

20 қаңтарда Нұр-Сұлтанда ондаған дәріхана иесі денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек бағасын ұстап тұру туралы бұйрығына қарсы шығып, "бұл құжат онсыз да індет кезінде шығынға батқан кәсіпкерлер бизнесін түбегейлі құртады" деп дабыл қақты. Қазақстанның өзге өңірлеріндегі кәсіпкерлер жиынға онлайн қатысты.

Кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау министрлігінің 31 желтоқсанда жарық көрген даулы бұйрығында "коронавирусты емдейтін" 200 дәрінің тізімі мен шектен асырмау бағасы көрсетілген. "Министрлік көрсеткен бағамен дәріні сататын болсақ, бәріміз банкрот боламыз" деп шулады жиналғандар. "Оларды сатып алу тиімсіз болғандықтан нарыққа да әкелмейміз, сәйкесінше дәрі тапшылығы туындайды" деді дәріхана иелері.

Шағымдарын айтып жатқан кәсіпкерлер. Нұр-Сұлтан, 20 қаңтар 2021 жыл.

- Мысалы, "Клексан" деген препарат қазірдің өзінде тапшы. Бұл дәріні ЭКО-ны өткерген әйелдер жүктілікті сақтау үшін күн сайын қолданады. Егер бұл дәріні салмаса, іштегі бала өліп қалады. Оны біз көтерме саудада 17 мыңнан сатып алып, 18 мыңнан сатып келгенбіз. Енді министрлік бұйрығында 13 мың теңгеден асырмаңдар деп көрсетіп қойған. Сонда біз қымбатқа сатып алып, арзанға өткізуіміз қажет пе? Неге министрлік бұйрықты құрастырған кезде нарықты зерттемеген? Дәрі өндірушілердің бағасын ескермеген, - дейді кәсіпкерлердің бірі Марал Сайлыбаева.

Жиын кезінде кәсіпкерлер былтыр көктем мен жазда індет өршіп, ауруханаларда орын қалмай, дәрі-дәрмек тапшы болған кезде дәріхана иелерінің індет ауыртпашылығын дәрігерлермен қатар көтеріп, халықты айықтыруға көмектескенін айтады.

"Бірақ сол үшін ақыры миллиондап айыппұл алдық. Блогерлерді марапаттап жатқанда бізді жазалады, бизнесімізді жапты" деді кәсіпкерлер.

Аймақтағы кәсіпкерлер де соған ұқсас шағым мен арыз айтты. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға арналған хатта кәсіпкерлер "Бұйрықтың күшін жою мүмкін болмаса, оның күшіне ену кезеңін 3 айға шегеруді сұраймыз. Дистрибьюторлар мен дәріхана мекемелеріне сатып алынған "Covid-ке қарсы" препараттарды сатуына мүмкіндік беруді сұраймыз" деп жазған. Олар сонымен бірге былтыр жыл соңында қабылданып, 21 қаңтарда күшіне енетін "даулы бұйрыққа" түсініктеме беруді өтінген.

Жиынға денсаулық сақтау министрлігі өкілдері келмеді. Ұйымдастырушылар оларды шараға шақырғанмен ведомстводан ешкім келмегенін атап өтті. Ал денсаулық сақтау министрлігі Азаттық тілшілеріне 20 қаңтар кешке қарай жауап беретінін хабарлады.

Қазақстанда көктем және жаз айларында коронавирус індеті өршіп, ауруханаларда төсек-орын мен медицина қызметкерлері жетіспеді. Дәрі-дәрмек тапшылығы туындап, жұрт парацетамол сияқты қызуды түсіретін дәрілерді таппай қиналды. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі жетіспей жатқанын мойындап, дәріге мол тапсырыс бергенін хабарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Індетпен күреске 13 млрд доллар жұмсаған билік екінші толқынды карантинсіз тоқтата ала ма?