Жаңадан сайланған президент Джо Байден әкімшілігі Ресей билігінің миллиондаған ресейліктердің мүддесін жақтаған Алексей Навальныйды қамауын қатаң айыптайды. АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне ұсынылған Энтони Блинкен осылай деп мәлімдеді.
"Олардың пікірі Ресейде естілуі тиіс" деді Блинкен 19 қаңтар күнгі АҚШ сенатының сыртқы істер жөніндегі комитетінің тыңдауында. Жиында Блинкен кандидатурасы талқыланған.
Германиядан Мәскеуге оралып, әуежайда бірден ұстап әкетілген Алексей Навальныйдың қамалуына байланысты пікірін жеткізген Блинкен "Владимир Путиннің бір адамнан соншалықты қорқатыны таңғалдырады" деген.
Блинкен сенаттағы сөзінде Ресей АҚШ үшін мәселе болып қала беретінін, жаңа әкімшіліктің бұған салқынқанды қарайтынын жеткізген.
18 қаңтарда жаңадан сайланған президент әкімшілігінің Трамп тағайындаған Джон Салливаннан "Ресей мәселесінде үзіліс болмауы үшін" Мәскеу елшісі қызметінде қала беруін өтінгені белгілі болды.
Дегенмен сенат тыңдауында Ресей мәселесі Иран, Қытай, Куба және өзге елдермен қатынас мәселесі сөз болғаннан кейін яғни, жарты сағаттан соң қозғалған.
Навальныйды ұстауды осының алдында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео айыптаған.
"Өзіне сенімді басшы қарсыласының үнінен қорықпайды, саяси оппоненттеріне күш қолданбайды, заңсыз қамамайды" деді Помпео.
Amnesty International ұйымы Навальныйды ар-ұждан тұтқыны деп атап, дереу босатуды талап етті.
- Алексей Навальный Германиядан Ресейге 17 қаңтарда оралған, оны әуежайда полиция бірден ұстап әкетті. Ертесінде сот 30 күнге қамау туралы шешім шығарды. Бұл шешім қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметінің Навальныйдың шартты жазасын түрме жазасына ауыстыру туралы өтінішімен байланысты.
- Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сейсенбі күні "әлдекімнің әлдебіреуден қорқатыны жайлы жорамалдардың бәрі - бос сөз" деді.
- Былтыр тамыз айының соңында комаға түсіп, Берлиндегі клиникаға емдеуге жіберілген Навальный сол жақта есін жиып, қыркүйек соңында ауруханадан шыққаннан кейін Германияда сауықтыру бағдарламасынан өткен. Ол содан бері Ресей аумағына алғаш рет аяқ басқанда ұсталған.