Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 22 қаңтарда 52 жастағы Санавар Закированың түрме жазасын айыппұлмен алмастыру туралы бірінші инстанцияда кері қайтарылған өтінішін қанағаттандырды. Сот алқасының төрағасы Нұрмахаммат Абидовтің сөзіне қарағанда, сот қаулысы бірден күшіне енетіндіктен Санавар Закирова түрмеден 22 қаңтарда босап шығады. Ал айыппұлды сот қаулысының мәтіні толық жарияланғанға дейін яғни, 1 ақпаннан кейін өтей алады. Бұл туралы адвокат Асылхан Рүстембеков хабарлады.
Адвокат 19 қаңтар күнгі сот отырысында Закированың өтінішін қанағаттандыруды сұраған. Бүгін, 22 қаңтарда ол сотқа Закирова мен оның қызы Малика Закированың есепшотында айыппұлды өтей алатындай қаржы барын дәлелдейтін анықтама көрсеткен.
Прокурор Ғалым Қонақбаев Закированың Алматыдағы тергеу изоляторында отырған кезде алған айыппұлдары өтелмегенін айтып, соттан босатпауды сұраған. Ақыры апелляциялық алқа Закированың қалған жазаны айыппұлмен алмастыру туралы шағымын қанағаттандырды.
Жұма күні сот отырысы алдыңғысы тәрізді онлайн режимде өтті. Оған Тараздағы қоныстандыру колониясында (ЖД-158/5 қауіпсіздігі төмен мекеме) отырған Закирова қатыспады.
Былтыр 15 шілдеде Алматы соты Закированы "Нұр Отан" партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматтың қызы, 39 жастағы Д.Ш.-ның "денсаулығына орта дәрежеде қасақана залал келтірді" деп танып, 12 айға бас бостандығынан айырған.
Айыптау материалына қарағанда, оқиға 8 наурызда Т.Ш. үйінің қасында болған, сол жайттан кейін қос тарап дене жарақатын салды деп бір-бірін айыптаған. Бірақ сот отырысында Закирова айыпталушы, ал Д.Ш. жәбірленуші статусында болды.
Сот үкімі оқылғанға дейін Закирова бостандықта болды. Одан кейін сот залынан қамауға алып кетті. Қазан айында Тараздағы түрмеге ауыстырылды.
Закирова мен оның жақтастары оны қылмыстық жауапқа тартудың саяси астары бар деп санайды және мұны былтыр өткен басқа сот ісімен байланыстырады. Ол сот шешімі бойынша, Закирова мен оның екі әріптесі биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің, соның ішінде Т.Ш.-ның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді деп танылып, оларға өтемақы төлеуге міндеттелген еді.
Санавар Закирова өздері әділетсіз деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюды талап етіп, наразылық акцияларына шығып жүрген топтың жетекшісі. Закирова Facebook-те "Нұр Отан" партиясын жиі сынайды. Қыркүйектің басында қазақстандық құқық қорғаушы мамандар Санавар Закированы саяси тұтқындар тізіміне қосқан.