Кремль бейбіт шеруді күшпен таратуды сынаған АҚШ-ты ішкі іске "қол сұқты" деп айыптады

Полиция жасағы Алексей Навальныйды қолдап шыққан шерушіні ұстап әкетіп барады. Санкт-Петербург, 23 қаңтар 2021 жыл.

Кремль ресми Вашингтонды Ресейдің ішкі істеріне "қол сұқты" деп айыптады. Мұның алдында АҚШ-тың Вашингтондағы және Брюссельдегі ресми өкілдері Ресей билігінің оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдап шыққан шерушілерді жаншуын сынаған болатын.

Ресей президенті баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың 24 қаңтар күні жарық көрген сұхбаттағы пікірі сыртқы істер министрлігінің осының алдындағы мәлімдемесін қайталағандай болды. Министрлік мұның алдында АҚШ елшілігі америкалықтарды Мәскеудегі қарсылық акцияларының қай жерде өтетіні жөнінде хабардар етуі арқылы наразыларды жігерлендіруді көздеді деп мәлімдеді.

АҚШ-тың 23 қаңтардағы қарсылық акцияларының қатысын көрсететін дәлел келтірілмеді. Қарсылық акцияларының өзі кейінгі жылдардағы ең ірі наразылық деп бағаланып отыр.

Мәскеуде, Санкт-Петербургте және Ресейдің өзге де ірі қалаларында Кремль сыншысы Алексей Навальныйды қолдайтын шерулер өтті.

Кремль сыншысы осыдан бір апта бұрын Мәскеуге оралған сәтте қамауға алынған. Ол соған дейін бес ай бойы Германияда "Новичок" дейтін әскери мақсатта қолданылатын удан емделіп келген.

"Әрине, бұл хабарламалар орынсыз. Әрине, жанама түрде олар ішкі істерімізге анық араласып отыр" деді Песков мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында.

Песковтың нені меңзегені белгісіз.

Наразылық акцияларының алдында АҚШ елшілігі өзінің сайтында америкалық азаматтарға арнап алдағы қарсылық акцияларына орай қауіп-қатерден абай болу қажеті жөнінде хабарлама жариялаған. Ресей сыртқы істер министрлігі "бұл – наразыларды қолдау" деп мәлімдеді.

АҚШ елшілігі наразылық қарсаңында "АҚШ барлық адамның бейбіт наразылыққа, пікірін білдіруге деген құқығын қолдайды. Ресей билігінің қадамдары бұл құқықтарды бұзып отыр" деген мәлімдеме жасады.

Елшілік баспасөз хатшысы әзірге қосымша сұрақтарға жауап бермеді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі полицияның қатыгез әрекеттерін айыптады. Наразылық кезінде 3,5 мыңға жуық ресейлік ұсталған. Оның жартысы Мәскеу үлесінде.

Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Нед Прайс сондай-ақ Навальныйды босатып, "оның улануын ашық тергеуге" шақырды.

Ресей билігінің реакциясын өзге де елдер айыптады. Франция сыртқы істер министрі наразыларды қолдап, Ресейге билігіне қарсы жаңа санкциялар салуға шақырды.

Еуроодақ сыртқы істер министрлері 25 қаңтардағы кездесуінде Ресейге қатысты жаңа қадамдарды талқылауы тиіс.