25 қаңтарда белсенді Әйгерім Тілеужан құқық қорғаушы Ерлан Қалиевпен бірге Алматы қалалық полиция департаментіне барып, бокстан Синдей олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовтың үстінен арыз түсірді. Оған 10 қаңтарда - орталық алаңда полиция әділ сайлауды талап еткен белсенділерді қоршап тұрған кезде спортшының "ұсақ бұзақылық жасап, наразылардың плакатын жыртуы" себеп болған.
- Оның әрекеті заңсыз. Әкімшілік кодексте екі бап бар. Бірі - 73-1-2-бап ("Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және Ұрып-соғу"). Ауыр салмақтағы боксшының қолы басқаларға жұдырығын сермеймін деген кезде белсендіге (Әйгерім Тілеужан) тиіп кетті. Екіншісі - 434-бап ("Ұсақ бұзақылық"). Плакат жыртып, белсенділерге тиісіп, балағаттағаны үшін жазалауын талап етеміз, - деді құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.
Әйгерім Тілеужанның сөзінше, 10 қаңтарда демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдері полиция қоршауында қалған кезде ол топ мүшелері мен спортшы арасында төбелес шығып кетпесін деп ортада тұрған. Ермахан Ибраимов ашуланып "белсенділерді ұрмақшы болған кезде" қолы бетіне тиіп кетіп, ауырған.
- Ол ешкім өте алмаған қоршаудан оп-оңай өтіп, бізбен сөйлесті. Оның келіп белсенділерді балағаттап, плакаттарын жыртуға полицияның өзі жол ашып беріп отыр. Мұндай әрекет жазасыз қалмасын деп шағым түсіріп отырмыз, - деді Әйгерім Тілеужан.
Алматы қалалық полиция департаменті белсендінің арызын қабылдап, өзінен сұрақ-жауап алатынын айтты. Ал спортшының өзі арызға байланысты түсініктеме бермеді.
Боксшы бұған дейін malim.kz сайтына берген сұхбатында алаңдағы наразылықты "кездейсоқ" көріп қалғанын айтып, белсенділердің плакатын жыртып тастағанын мойындаған. Ол билікті сынаған белсенділерді "іріткі салып", "ел тыныштығын бұзып жүр" деп айыптаған.
10 қаңтарда - елде мәжіліс және мәслихат сайлауы өткен күні Алматы полициясы әділ сайлауды талап етіп, орталық алаңға келген демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдері мен Oyan, Qаzaqstan жастарын жеке-жеке қоршап, 7-10 сағат бойы аязда ұстаған. Өткен аптада полицияның адамдарды "азаптағанын" айтқан белсенділер мен құқық қорғаушылар полицияны сотқа беретінін хабарлаған.
Қарай отырыңыз: Полиция қоршаудағы белсенділерге бір кесе шәй ішуге, дәретханаға баруға мұрша бермеген (10 қаңтар 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Сол күні алаңда Ермахан Ибраимовпен қатар жазушы Есенғали Раушанов, ақын Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, журналист Қали Сәрсенбай де болған. Бірақ соңғы аталғандардың "наразыларды тарауға үгіттегені-үгіттемегені" туралы ақпарат жоқ.
Қазақстан билігі мәжіліс және мәслихат сайлауының "әділ әрі таза" өткенін айтты. Халықаралық бақылаушылар сайлаудың бәсекесіз өткенін алға тартып, тәуелсіз бақылаушыларға қысым жасауды сынады. ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының миссиясы сайлау күні наразылыққа шыққандарды ұстау әрекетін де сынға алды. Еуроодақ бұл сайлауда президент Тоқаев уәде берген реформаларды жүзеге асыру мүмкіндігі болмады деп санайды.
ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Комиссия мүшесі де, бақылаушы да әділ қоғам орнайтынына сенбейді"