26 қаңтарда Қарағанды соты бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаны ақтап шығарды. Оған Сарань қаласының әкімі болған кезде орталық жылу жүйесі әлі орнатылмаған қаладағы көпқабатты үйлерге жылу есептегіш құралдарын орнату арқылы 104 млн теңгені жымқырды деген айып тағылған. Бұған дейін прокурор оны 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салуды сұраған. Шкарупа мен адвокаты айыптың "ойдан құрастырылғанын" айтып, ақтауды сұраған. Сейсенбі күні сот үкімі оқылғаннан кейін судья оны босатты. Екі жыл бойы тергеуде болған Шкарупа басында – тергеу изоляторында, кейінірек үйқамақта болған.
Сот бұл іс бойынша айыпталған "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиевті де ақтады. Оларға прокуратура 8 жыл түрме жазасын сұраған еді.
Сот "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының айыпталушылардан 380 миллион теңге өндіріп алу туралы азаматтық шағымын қанағаттандырмады.
25 қаңтарда жарыссөзден кейін үш айыпталушы "қылмыс құрамының жоқтығын және ақша жымқыру фактісі дәлелденбегенін" алға тартып, өздерін ақтауды сұраған. Олардың сөзіне қарағанда, жылу қазандығының құрылысы өздері қатысы жоқ себептерге байланысты аяқталмаған.
Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы қалада орталық жылу қазандығы болмай, көпқабатты үйлерге жылу есептегіш құрал орнату қажеттігі болмаған, айыпталушылар қазандықтың бітпейтінін алдын ала білген сияқты деп мәлімдеген еді. Ал айыпталушылар мұны жоққа шығарып, "өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену, жұмсау" бабы бойынша тағылған айыптарды терістеген. Олар ақша жымқырылған жоқ, ал жабдықтар Сараньда орталық жылу қазандығы салынғаннан кейін іс қатады деп айтқан.
Сот процесі 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Шкарупа 2018 жылы 16 қарашада ұсталған. Тергеу изоляторында 1,5 жыл отырған бұрынғы шенеунік азаптауға және заңсыздықтарға шағымданды. Одан кейін ол үйқамаққа жіберілді. Шкарупа ісін Қарағанды қаласының қылмыстық істер жөніндегі Қазбек сотының судьясы Жанат Егембердиева қараған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Прокурор бұрынғы энергетика вице-министрі Шкарупаға 10 жыл түрме жазасын сұрады