Ақтөбе облысының Көкжиде кенішіндегі мұнайшылар ереуілі екінші күні де жалғасты. Мұнайшылар жалақыны 100 пайызға көбейтуді сұрайды.
Дүйсенбі күні тараптар келісімге келе алмаған. Сейсенбі күнгі келіссөз кезінде "КМК-Мұнай" компаниясының президенті Ван Цзиньбао мұнайшылар жалақысын 20 пайызға көбейтуге әзір екенін айтқан. Бірақ жұмысшылар бұған келіспеген.
"Біз 20 пайызға келіспейміз! Талаптарымыз толық орындалмайынша жұмысқа шықпаймыз!" деп хабарлады Азаттыққа Көкжиде кенішінде екі күннен бері ереуілдетіп тұрған мұнайшылар.
- Жалақы туралы талабымызды қағазға түсіріп, биыл 12 қаңтар күні облыс әкімдігіне жолдағанбыз. Олар ауданға тапсырған. 18 қаңтар күні Темір ауданы әкімдігінен келген бір топ адам Көкжидеде жиналыс өткізді. Ештеңе де шешкен жоқ. Сол жиында басшыларымыз наурыз айында директорлар кеңесі өтеді, сәл шыдай тұрыңдар деп алдарқатты. Біз жалақы көбеймейтін болса, 25 қаңтардан бастап жұмысқа шықпайтынымызды алдын-ала ескерттік. Кешелі бері мұнай өндірісі тоқтап тұр, - дейді ереуілшілердің бірі Жасұлан Мерғалиев.
Мұнайшылар жалақыны 100 пайызға көбейтуден өзге жұмыс берушіге тағы бірнеше талап қойған. Мұнай ұңғымасына жақын тұрған ескі жатақхананы кеніштен аулақтау жерге көшіріп, жұмысшылар асханасындағы ас мәзірін жақсартуды сұрайды.
"Ас мәзірінен етті көруден қалдық. Беретіндері өкпе-бауыр мен суға бөктірілген қара құмық, макарон. Қысы-жазы ауыр жұмыс істеп, далада жүретін адамға құнарлы тамақсыз тіпті қиын" дейді аты-жөнін атағысы келмеген ереуілшілердің бірі.
Мұнайшылар кәсіподақ жұмысын жандандыруды да талап етіп отыр. "Құқығын не жұмыс беруші, не кәсіподақ, не болмаса атқарушы билік қолдамайтын ереуілшілерге қысым жасалмасын!" дейді мұнай-газ өндірісінің операторы Ерболат Оразбаев.
Оразбаевтың сөзінше, жалақыға, жұмыс жағдайына байланысты наразылық айтқандарға басшылар "аттестациядан өте алмай қаласың", "орынды босат" деп қысым көрсетеді.
Азаттық екі күннен бері "КМК Мұнай" компаниясының басшыларымен байланыса алмай отыр. Компания кеңсесіндегі хатшының сөзінше, "басшылардың бәрі кеніште жүр".
Ақтөбе облысының әкімдігі "КМК Мұнай" компаниясы жұмысшыларынан шағым түскенін растады. Әкімдіктің мәліметінше, мұнайшылар облыстық еңбек инспекциясына да шағынған.
"Инспекция өткен аптада "КМК Мұнай" компаниясын тексерді. Еңбек жағдайына байланысты мұнайшылардың наразылықтары бар екені белгілі болды" делінген әкімдіктің қысқаша хабарламасында.
Азаттық тілшісі Темір ауданы әкімдігіне де хабарласқан болатын. Аты-жөнін атамаған әкімдік қызметкері "Келіссөз әлі аяқталған жоқ. Жұмыс берушінің жалақыны 20 пайызға көбейту туралы ұсынысына мұнайшылар келіспей отыр" деді.
"КМК Мұнай" - Ақтөбе облысындағы кеніштерге иелік ететін қытайлық ірі мұнай өндіруші "СНПС Ақтөбемұнайбен" еншілес компания. 400-ге жуық адам еңбек ететін компания 2004 жылы құрылған. Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай кеніштерінде мұнай өндіреді.