Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков бұрынғы вице-премьер Дуйшенбек Зилалиев ісі бойынша куә ретінде сотқа шақыртылды. Бұл туралы Зилалиевтің адвокаты Талайгул Токтакунова хабарлады.
"Зилалиевті ұстаған кезде "Оптима Банк" жәшігінен миллион доллар тәркіленгені жөнінде видео тараған. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) жүргізген тергеу кезінде Зилалиев бұл ақша оған тиесілі емес екенін - Сооронбай Жээнбековтің сайлау кампаниясына қажет ақша екенін айтқан. Бірақ Жээнбеков ол кезде президент болғандықтан тергеуге шақырылмаған. Ал ҰҚМК ақша Зилалиевке тиесілі деп істі сотқа берген. Қазір бұрынғы президенттің кез келген азаматтыкы сияқты құқықтары мен міндеттері бар" деді адвокат.
Ақпаратқа қарағанда, Жээнбеков 3 ақпан күні сотқа баруы тиіс. Токтакунованың айтуынша, оны 28 қаңтарға шақырған, бірақ Жапаров инаугурациясына байланысты бұрынғы президент сотқа бара алмаған.
Экс-президенттің өзі немесе адвокаттары оқиғаға түсініктеме бермеді.
Зилалиев 2018 жылы 9 желтоқсанда "заңсыз байыды" деген күдікпен ұсталған. Арнайы қызмет оның үйінен және банк жәшігінен ақша тәркіленгені жайлы видео таратып, жылжымайтын мүліктерінің суреттерін жариялаған. Ал Зилалиев бұған дейін өзіне тергеу огандары қысым жасап, бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевқа қарсы куәлік беруге мәжбүрлегенін айтқан.
Дуйшенбек Зилалиев 2017 жылы тамыз бен қараша айында Қырғызстан вице-премьері қызметін атқарды. Одан соң мемлекет мүлігі басқармасы жөніндегі қорды басқарды. Бірақ сол жылы отставкаға кетті.
Бішкектің Первомай аудандық соты 2020 жылы қазан айында Зилалиевті 9 жылға бас бостандығынан айырған. Қазір Бішкек сотында оның апелляциялық шағымы қаралып жатыр.
Сооронбай Жээнбеков 2017 жылғы президент сайлауында жеңіп, президент ретінде сайланған. Үш жылдан соң қазан оқиғасынан кейін саяси дағдарыс туындаған тұста отставкаға кеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Отставкаға кеткен президент. Жээнбековтің әрекетсіздігінен қандай сабақ алуға болады?