Мәскеудің Симонов соты оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың шартты жазасын түрмеге алмастыру туралы қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметінің өтінішін қарай бастады. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, сотқа тараптардан бөлек ақпарат құралдары ғана тізіммен кіргізілген. Оларға сот ішінде видео, фото түсіруге, тікелей эфирден хабар таратуға тыйым салынған. Ресей және халықаралық ақпарат құралдары таңертеңнен бастап Мәскеу қалалық сотының маңындағы көшелер жабылып, ОМОН-ның ондаған адамды ұстағанын хабарлады.
ТАСС агенттігінің жазуынша, Алексей Навальный процесс басталардың алдында сот ғимаратына жеткізілген. Оған адвокаттарын жіберген.
Азаттықтың Орыс қызметі оқиғадан тікелей эфирде хабар таратып жатыр.
Бір күн бұрын Мәскеу полициясы қалалық сот маңындағы бірнеше көшенің жабылатынын ескерткен еді. Саясаткердің штабы жақтастарын сотқа келуге шақырған.
"Новая газета" басылымының жазуынша, ОМОН жасағы сот ғимаратын қоршап, ол жаққа тек ақпарат құралдарын ғана кіргізген. Ғимаратқа жақын метро станциясы төңірегінде де тексерулер болып жатқаны хабарланды.
"Проект" басылымы метроның кіре берісінде полицейлердің кемінде 23 адамды ұстағанын жазды. Басылым тілшісі полицияның 6 жігітті ұстап әкеткенін көрген.
Сотқа адвокат Ольга Михаиловамен бірге саясаткердің әйелі Юлия Навальная да келген.
- 2020 жылы 29 желтоқсанда қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметі "Новичок" уымен уланып, Германияда емделген Навальныйға іздеу жариялап, оны 2014 жылы "Ив Роше ісі" бойынша шыққан үкім талаптарын орындамады деп соттан оны түрмеге қамауды сұраған. "Ив Роше" деген атпен белгілі іс бойынша бірнеше жыл бұрын шыққан үкімді Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты заңсыз деп таныған. Үкім бойынша Навальный 3,5 жылға шартты түрде сотталған.
- Навальный 17 қаңтарда Ресейге оралғаннан кейін әуежайда ұсталып, бірден қамалған. Халықаралық қауымдастық оппозициялық саясаткерді қамауды айыптады.