Сот пробация қызметінің белсенді Әлнұр Ильяшевке шектеу қою туралы өтінішін қанағаттандырмады

Әлнұр Ильяшев.

9 ақпанда Алматының №2 Медеу аудандық соты пробация қызметінің белсенді Әлнұр Ильяшевке қосымша шектеу қою туралы өтінішін қанағаттандырмады. Былтыр жазда "Нұр Отан" туралы "жалған ақпарат таратты" деп айыпталып, бостандығы үш жылға шектелген Әлнұр Ильяшев бұл талпынысты "парламент сайлауындағы белсенділігімен" байланыстырады.

Vlast сайтының жазуынша, 14 қаңтарда Медеу ауданының пробация қызметі Ильяшевті түнгі сағат 10 мен таңғы 6 аралығында (оқу, жұмыс, емдеу мақсатынан бөлек) үйден шықпауға міндеттеу туралы сотқа өтініш түсірген. Ал сотта Ильяшев пробация қызметі ұсынған шаралардың заңсыз екенін алға тартқан. Сот пробация қызметінің өтінішін қанағаттандырмаған. Белсендінің өзі Facebook-та шешімге "таңғалғанын" жазды.

Белсендінің сөзіне қарағанда, ол 10 қаңтар күнгі сайлау кезінде Алматыда өзге де белсенділермен бірге учаскеден шығарылған тәуелсіз бақылаушыларды дауыс санау процедурасына кіргізуді талап еткен. Ол туралы видео да жарияланған.

"Бұл түнгі сағат 2-лер шамасында болған. Сондықтан бұл соған жауап болуы мүмкін. Бәзбіреулер Ильяшев тым еркінсіп кетті деп санап, осындай шара қолдануға оқталған сияқты. Себебі оған дейін ешқайда барған жоқпын және ескерту жасалған да жоқ" дейді ол.

Алматы соты былтыр маусым айында 42 жастағы қазақстандық Ильяшевті Қылмыстық кодекстің "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айыпты деп тауып, бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат түзеу жұмысын атқаруға міндеттейтін және қоғамдық қызметпен айналысуын бес жылға тыятын үкім шығарған.

Қылмыстық іске түрткі болған Facebook жазбаларында белсенді "Нұр Отан" партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін белсендінің азаматтық құқығын бұзбауға шақырып, үкімнің күшін жоюға үндеген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Клуни қоры белсенді Ильяшевке шығарылған үкімнің күшін жоюға шақырды