Қытайдың Ухан қаласына барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары коронавирустың нақты қалай шыққанын анықтай алмады.
Уханға барған миссия басшысы Питер Бен Эмбарек коронавирус жануардан адамға қандай да бір үшінші тізбек арқылы берілуі мүмкін деген гипотеза шындыққа жақынырақ деп мәлімдеді. Ол "вирус суықта қатырылған азық-түлік арқылы да жұғуы мүмкін" дейді. Бұрын да Қытай билігінің өкілдері осы нұсқаны айтқан еді.
ДДСҰ сарапшылары бұрын айтылған "вирус зертханадан шығып кеткен" және "вирус жарқанаттан адамға тікелей берілген" деген гипотезаны "екіталай" деді.
Адамда Covid-19 дертін туғызған коронавирус әзірге табиғатта табылған жоқ. Бірақ коронавирусқа ұқсас вирустар бұған дейін жарқанат пен панголиннен анықталған.
Бұған қоса сарапшылар "коронавирус алғаш рет Ухандағы "Хуанань" базарынан табылғанына дәлел жоқ" деді. ДДСҰ өкілдері коронавирустың адамға тарауының себебін анықтауға көп жыл кетуі мүмкін деп санайды.
2019 жылдың соңында Қытайдың Ухан қаласында коронавирустың жаңа түрі тарап, ол әлемде пандемияға ұласты. Қазір бұл вирус 100 млн астам адамға жұғып, екі млннан аса адам қайтыс болды. Вирустың тарауын тоқтату үшін жарияланған карантин шаралары әлем елдерінің экономикасына үлкен соққы болды. Ал Қытайда вирус жұққындар саны аз.
Коронавирустың шыққаны жайлы дәлелденбеген әртүрлі теориялар көп. АҚШ-тың кейбір саясаткерлері вирус Ухандағы зертханадан шығып кеткен десе, Қытай шенділері вирус АҚШ-та тараған деген.