19 ақпанда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында бес қабатты үйдегі пәтерде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан төтенше жағдай министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, өрт түскі сағат үштен өте үшінші қабаттағы 16 шаршы метрлік пәтерде шыққан. Пәтерде 2015, 2016, 2017, 2019, 2020 жылы туған балалар болған.
"Алдын ала дерек бойынша, балалардың әкесі жұмыста болған, шешесі дүкенге шығып кеткен. Балалар иіс газына тұншығып қалған. Олар ауруханаға жеткізілгенімен, біраз уақыт өткен соң көз жұмды" деді әкімдік.
Өрт алты өрт сөндіруші мен бір техника көмегімен сөндірілді. Жалынның неден шыққаны белгісіз. Өрттің себебін анықтау үшін облыстық әкімдікте арнайы комиссия құрылғаны хабарланды.
Қазақстанда уақытша баспаналардың өртке орануы жиі болады. Кеше, 18 ақпанда Қызылордада уақытша баспана өртеніп, бір отбасының бесіктегі баласы қайтыс болған. Төрт бала зардап шеккен.
2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шетіндегі Көктал-1 елдімекеніндегі шағын үйден өрт шығып, бір үйдің бес қызы қазаға ұшырады. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы әйелдердің наразылығы күшейді. Олар әлеуметтік көмекті күшейтуді, тұрғын-үй мәселесін шешуді талап етті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бес қыздың қазасына екі жыл. Елді мұңайтқан қайғылы оқиғаны еске алсақ