Қарағанды соты жергілікті белсенді Асқар Нұрмағановтың бостандығын 1 жыл 6 айға шектеп, осы уақыт аралығында қоғамдық жұмысқа да міндеттеді. Сот оны елде "экстремистік" деп танылған, бірақ Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Көше партиясының" ісіне араласқаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот үкімін оқыған судья Марат Амиров Нұрмағановтың "қоғамға қауіп төндірмейтінін және көптен алшақтатпай-ақ оны түзеуге болатынын" айтты. Сот сонымен бірге белсендінің тергеу кезінде психологиялық қысымға ұшырағаны жайлы мәліметтің расталмағанын атап өтті.
Нұрмағановқа сонымен бірге қосымша жаза да тағайындалды: ол енді үш жылға дейін қоғамдық-саяси қызметпен айналыса алмайды. Атап айтқанда, конференция, дебат, жиналыс, ереуіл, пикет, акция, шерулер ұйымдастырып, қатысуына тыйым салынды. Кез келген әлеуметтік желі мен ақпарат құралында қоғамдық-экономикалық және саяси тақырыптарды көтеріп, эфирге шықпауы тиіс. Сот бұған қоса, оны тұрақты мекенжайын өзгертпеуге, пробация қызметін ескертпей басқа жаққа кетпеуге міндеттеді.
Сот үкіміне сәйкес, Қарағандыдағы тергеу изоляторында жарты жыл (2020 жылдың 25 тамыз пен 2021 жылдың 22 ақпан аралағында) отырған белсендінің қамауда отырған мерзімі бостандық шектеу жазасының екі күнімен алмастырылатын болды. Сот Нұрмағановты тергеу изоляторынан бірден босатуды қаулы етті, бірақ бостандықты шектеу жазасынан жалтарған жағдайда түрме жазасына ауыстыруы мүмкін екенін де ескертті. Сот үкімі күшіне енгеннен кейін 10 тәуліктен соң Нұрмағанов пробация қызметіне есепке тұруға міндетті.
Өзіне тағылған айыппен келіспеген белсенді Асқар Нұрмағанов сот үкімін үнсіз тыңдап, мазмұнын толық түсінгенін айтты. Оны АК-159/1 мекемесінің алдынан бірнеше белсенді қарсы алған.
Бұған дейін прокурор Әнуар Завотпаев азаматтық белсенді Асқар Нұрмағановтың бостандығын 1,5 жылға шектеуді сұраған және үш жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салуды өтінген.
Айыптау тарабының айтуынша, Нұрмағанов ҚДТ-ның сот шешімімен "экстремистік ұйым" ретінде танылғанынан хабардар болған және "билікке теріс көзқарас қалыптастыру үшін" әрекет еткен. "Көше партиясы" мен ҚДТ-ны қолдауға және митингіге шығуға үндеген, "экстремистік мазмұндағы" үнпарақтарды жапсырған.
Ал Нұрмағанов сотта ҚДТ мен "Көше партияларының" идеяларын жақтау қылмыс емес екенін айтып, өзін ақтауды сұраған. Белсендінің адвокаты Нұрмағановтың "саяси себеппен қудаланып отырғанын" айтып, айыпта айқын дискриминация барын, Конституцияға қайшы екенін айтқан.
ҚДТ мен "Көше партиясын" Нұр-Сұлтан соты 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп таныған. ҚДТ-ның негізін қалаушы - бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
Еуропарламент бұған дейін ҚДТ пен "Көше партиясын" "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп таныған. Қазақстандағы адам құқығы жайлы резолюциясында Еуропарламент депутаттары Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хейди Хаутала: Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдаймыз