Халықаралық Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы қамауда отырған ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды "ар-ұждан тұтқыны" деп атау туралы шешімнің күшін жойды.
"Медиазона" басылымына берген сұхбатында ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша менеджері Александр Артемьев ұйымның заң және саясат департаменті Навальныйдың 2000-жылдардың ортасында айтқан сөздерін зерттеп, онан "жек көру риторикасын" тапқаннан кейін осындай шешім қабылданғанын айтты. Навальныйдың нақты қандай сөз айтқанын Артемьев айтпады.
Оның сөзіне қарағанда, ұйымға Навальныйдың сөздерін тексеру туралы өтініштердің жаппай түсуі шетелде оппозиционердің беделін түсіру кампаниясының бір бөлігі секілді көрінген. Артемьев кімдерден өтініш түскенін нақтыламады. Дегенмен "Навальныйды дереу босату туралы талап күшінде қалады, себебі ол саяси себеппен қудаланып отыр" деді.
Бір ай бұрын Amnesty International Алексей Навальныйды "ар-ұждан тұтқыны" деп таныған.
Қаңтар айының ортасында оппозиционер Мәскеудің Внуково әуежайында ұсталып, қамалған. Amnesty сол кезде "Ресей билігі Навальныйдың үнін тағы өшіруге тырысып жатыр" деп мәлімдеген.
Кейінірек құқық қорғау ұйымына бұл шешімге байланысты жаппай шағым түсе бастаған. "Медиазона" басылымының құпия дереккөзі оның ар жағында Кремль қаржыландыратын Russia Today медиахолдингі тұрған болуы мүмкін деп болжаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ішкиім улаушы Путин". Навальныйды түрме жазасына кескен сот қалай өтті?