26 ақпан күні Шымкенттегі Қаратау аудандық соты "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты" деп айыпталған белсенділер – Жанмұрат Аштаев, Нұржан Әбілдаев пен Ерлан Файзуллаевтың ісін қарай бастады. Бұл туралы онлайн сот отырысына қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.
Прокурор Әйгерім Балтабаева үш белсенді Нұр-Cұлтан экстремистік деп танып, жұмысына тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясын" қолдаған деп санайды.
Айыптау актісіне сай, "2020 жылы 19 қазанда Әбілдаевтың үйінде Файзуллаевтың Facebook парақшасына тікелей эфирге шығып", тыйым салынған ұйымдарды қолдаған.
Прокурордың сөзінше, Балтабаева полицейлер айыпталушы Аштаевтың үйін тінту кезінде кептірілген "марихуана тапқан".
- Аштаевтың үстінен есірткі затын өткізу әрі мақсатсыз, заңсыз сақтағаны үшін Қылмыстық кодекстің 296-бабымен (Есірткі, психотроптық заттармен, заңсыз жұмыс істеу – ред.) іс қозғалған, - деді прокурор.
Айыпталушылар Аштаев, Әбілдаев пен Файзуллаев өздеріне тағылған барлық айыппен келіспейтінін, мойындамайтынын айтады.
- Тінту кезінде полиция үйдің артынан есірткі затын таптық дейді. Бұл – жала, - дейді белсенді Аштаев Азаттыққа.
13 қараша 2020 жылы полиция үш белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғап, үйін тінткен. Екі күннен кейін үйқамаққа қамаған.
Азаматтық белсенділер Нұржан Әбілдаев, Мұрат Аштаев пен Ерлан Файзуллаев бұған дейін "жерді сатуға қарсы шығу", "саяси тұтқындарға бостандық", "Қытай экспансиясына жол жоқ" сынды тақырыптарда өткен наразылық шараларына қатысқан. Бұл үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.
Нұр-Сұлтан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. ҚДТ-ны бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған.
Еуропарламент Қазақстанның демократиялық таңдауы мен "Көше партиясын" "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп таныған.