28 ақпан кешкі сегізде Нұр-Сұлтандағы Жерұйық паркіне қаладағы құрылыста жұмыс істейтін мұнаралы және автокранның жүзден аса жүргізушісі жиналып, жалақыны өсіруді талап етті. Олар жұмыс беруші айлықты өсірмесе, екі жүздей краншы 1 наурыздан бастап жұмысты тоқтататынын айтты. Шамамен үш жүз мың теңге алатынын айтқан краншылар жалақыны 800 мың теңгеге өсіруді талап етеді. Олар жұмыстың қауіптілігін алға тартады.
Кран жүргізушілері бұған дейін жалақы өсіруді сұрап, екі рет жиналған. Жұмысшылар құрылыс компанияларына, үкіметке мәселені шешу үшін уақыт бергенін, бірақ одан нәтиже шықпағанын айтады.
- Құрылыс компания басшылары мен үкіметтегілер бізді адам құрлы көрген жоқ. Сөйлескен де жоқ, шындығын айтқанда. Мұнаралы кран операторлары жалақыны 800 мың теңгеге көтеруді сұрадық. "Түйе сұрасаң бие береді" деген бар ғой. Біз келісімге келуге дайын болдық. Біз зейнет жасын төмендету талабын да қойдық. Бірақ олар сөзімізді елемеді, - дейді Сәуле Сейдахметова.
Наразы краншылардың дені өздерінің келісім-шартсыз жұмыс істеп жатқандарын айтады.
Алты жыл мұнарлы кранда жұмыс істейтін Айнұр Жарасбаева өзі жұмыс істейтін құрылыс компаниясының басшылығы жалақы өсіру талабына құлақ аспайтынын айтады.
Жұмысшылар жиналған маңда полицейлер тұрды. Алматы аудандық әкімдігі қызметкерлері "бұл – заңсыз митинг, жиналуға рұқсат сұрамадыңдар" деп ескерту жасады. Наразыларға компания өкілдер келген жоқ.
Бір сағаттай тұрған жұмысшыларға ешкім тиіспеді. Олар ақылдасып, 1 наурызда жұмысқа шықпайтын болып келісіп, тарап кетті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нұр-Сұлтанда краншылар үкімет пен Назарбаевтан еңбек жағдайын жақсартуды талап етті