Армения премьер-министрі Никол Пашинян 1 наурызда оппозиция бірқатар шартты орындаса, кезектен тыс парламент сайлау өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Елде саяси жағдай ушығып барады. Ереванның екі бөлігінде Пашинян жақтастары мен оппозиция жаппай митингілер өткізіп жатыр.
Өткен аптада елдің қарулы күштері премьер-министр мен үкімет отставкасын талап еткен. Пашинян оны "әскери төңкеріс жасау талпынысына" теңеген.
"Егер парламенттік оппозиция кезектен тыс сайлау өткізуге келіссе, ерте сайлау белгілейміз" деді дүйсенбі күні Еревандағы орталық алаңда мыңдаған жақтасы алдында сөйлеген Пашинян. Ол саяси дағдарысқа ұрындырмас үшін президент өкілетін кеңейтетін жаңа Конституция бойынша референдумды қазан айында өткізуді ұсынды.
Былтыр күзде Әзербайжан мен этникалық армян күштері арасында Таулы Қарабақ үшін алты аптаға созылған соғыстан кейін Пашинян отставкасын талап етушілер көбейген. Елде наразылық көңіл-күй артқан. Көптеген армян Қарабақта атысты тоқтату келісім шарттарымен келіспейді.