Нұр-Сұлтанда Жанболат Ағаділ өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2 наурызда айыпталушылардың бірінің адвокаты Жандос Тұяқов судьядан процеске қатысып отырған полиция қызметкері, "айыпталушыларды ұстау ісіне араласқан" жедел уәкілді залдан шығаруды талап етті.
"Құрметті сот, процеске қатысушы тараптардың айтуынша, жәбірленушілерге қалай сөйлеу керектігін осы кісі айтып отыр. Ол осында процесс басталғалы бері отыр. Қандай мақсатпен келіп отырғанын білмейміз. Біз оның қатысуына қарсымыз" деді адвокат. Айыпталушылардың туыстары мен өзге адвокаттар да оның "жәбірленушілер жауабына ықпал етіп отырғанын айтып" залдан шығаруды қуаттады.
Ал жедел уәкілдің өзі "процестің ашық" екенін айтып, сот отырысына қатысқысы келетінін айтты. Бірақ "процеске не үшін қатысып отырғанын" түсіндіре алмады. Прокурор оны шығаруға қарсы болды.
Судья Әлғожаев уәкілге "жәберленушілердің жауабына ықпал етуге құқығы жоғын" ескертіп, залда қалуына рұқсат берді.
Сейсенбілік отырыс кезінде судья ақпарат құралдарына "әрбір процеске неге келе бересіздер?" деп сұрап, шүйлікті. Сот залын түсіріп жатқан операторларға "түсіруге рұқсат сұрау" қажеттігін ескертіп, бірақ қорғау тарабы оларды қалдыруды сұрағаннан кейін барып тыншыды.
Бұдан соң процесте үзіліс жарияланып, түстен кейін жалғасатыны белгілі болды.
Жанболат Ағаділ - былтыр ақпанда тергеу изоляторында белгісіз жағдайда қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы. Ол былтыр қарашада төбелес кезінде пышақталып, мерт болған. Оның өліміне қатысты сот процесі ақпанда басталған. Істе алты айыпталушы бар. Оларға "Бұзақылық", "Адам өлтіру", "Қылмысты жасыру", "Қылмысты хабарламау" баптары бойынша айып тағылған.
Бұған дейін айыпталушылардың адвокаттары тергеудегі шикіліктерге шағымданған.
Сот Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Процеске қатысушылардан ПТР тест қатаң талап етілетіні айтылғанмен мұндай талаптың іс жүзінде тек ақпарат құралдарына ғана қатысты екені айқын көрінді.
Қарай отырыңыз: Жанболат Ағаділдің қазасына байланысты сот басталды. Істе 6 айыпталушы, 6 жәбірленуші бар (19 ақпан 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
- Жанболат Ағаділ былтыр 11 қарашаға қараған түні жаппай төбелес кезінде пышақталып, соның салдарынан көз жұмған. Төбелес Нұр-Сұлтан қаласы түбіндегі Көктал және Талапкер ауылдарының жастары арасында болған.
- Марқұмның әкесі, билікке қарсы наразылық жиындарына тұрақты қатысып, азаматтық белсенді атанған Дулат Ағаділ сол жылы ақпан айында тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған. 24 ақпан күні кешке азаматтық киім киген полицейлер оны үйінен ұстап әкетіп, 25 күні оның көз жұмғанын хабарлады. Ағаділдің туыстары, оның белсенділік жолындағы серіктері ашық тергеуді талап етті. Бірақ полиция "белсендінің денесінде жарақат болмаған" деп істі жапқан.
- Еуропарламенттің 11 ақпан күні қабылданған қарарында «саяси репрессия кесірінен 2020 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында Қазақстанда оппозицияның бес белсендісі қаза болды" деп Жанболат Ағаділдің атын атаған.