Пандемия кезінде тұрғындарды "түстеріне қарай" іріктеп, соның негізінде ғана түрлі қоғамдық орындарға кіргізетін Ashyq мобильді қосымшасына сын көбейді. Қосымшаны Қазақстанның денсаулық сақтау және цифрландыру министрліктері әзірлеген. 3 наурызда Орталық коммуникация қызметінде өткен онлайн-брифингте қосымшаны дайындағандар оған қатысты сыни пікір "тапсырыспен жасалып жатыр" деген болжам айтты.
— Негативтің бәрі тапсырыс екенін байқадық. Қосымша туралы хабарлап, адамдар оны шатастырып, дұрыс түсінбей жатқанда, чип қою, түстерге қарай бөлу мәселесі көтерілді. Бұған қоса, шетелден трафикті байқап, оны шектедік. Шетелдегі қолданушылар оны белгілі бір уақыт аралығында жүктеп, қосымшаға жағымсыз баға берген, — деді астанадағы Тұрақты даму орталығының ІТ-архитекторы, цифрландыру маманы Виталий Пустовойтенко.
Оның айтуынша, "шетелдік трафиктен" болған пікірлердің "өнімге қатысы жоқ", сондықтан оларды алып тастаған.
— Біз Google Play мен App Store-ға хабарластық, соның арқасында бұл комментарийлерді бұғаттап, бағаларын алып тастадық. Белгілі бір күндері шетелден наразы пікірлер жазылған, сонымен бірге бір балл қойып, ағылшын тілінде жағымсыз комментарий жазғандар көп болған. Пікірлердің көбі тапсырысқа ұқсайды, онда қосымшаны алып тастауды сұрайды, қате мағлұмат береді, қосымша әлдебір дерек жинайды деген сияқты ойға кірмейтін нәрселер жазады. Біз соған шағымдандық. Қосымша ешқандай мәлімет жинамайды, — деді Пустовойтенко.
Ashyq қосымшасы Қазақстанда ақпанның соңында ресми түрде іске қосылды. Пилот жоба астанада, Алматы мен Қарағандыда жұмыс істей бастады.
Елдің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың 26 ақпандағы осыған байланысты қаулысына сәйкес, аталған қалаларда фитнес-клуб, спа-орталық, сауна, бассейн, компьютер клубы (18 жастан), боулинг-клуб сияқты мекемелерге кірерде адамдарды түрлі түспен белгіленген төрт топқа бөледі. Бұл орындарға кіру үшін азамат QR-кодпен жұмыс істейтін және Covid-ке қатысты ақпараты бар Ashyq қосымшасын жүктеуі керек.
- Covid тесті теріс нәтиже көрсеткендер тізімінен табылған адамға "жасыл" статус беріледі;
- ПТР тест нәтижесі жоқ, дегенмен коронавируспен ауырған адаммен байланыста болмаған кісіге "көк" түс беріледі;
- Covid-19 жұқтырған кісімен байланыста болғандар базасына кірген кісіге "сары" статус беріледі;
- Коронавирусқа тест тапсырып, онысы оң нәтиже көрсеткен адамға "қызыл" статус беріледі.
"Сары" және "қызыл" статусты адамдардың мекемеге кіруіне тыйым салынады. Ashyq мобильді қосымшасындағы статусын анықтаудан бас тартқан кісілер де ол жерге жіберілмейді.
Бизнес өкілдері мұны "биологиялық дискриминация", "тек тұтынушының ғана емес, жалпы азаматтардың құқығын бұзатын құрал" деп атап, қосымшаны сынға алған.